Екібастұзда облыс әкімі жылу мәселесіне жауапты шенеунікті жазалады
Жарияланған күні:
Екібастұзда болған коммуналдық апатқа байланысты энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы жазаланды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Павлодар-онлайн" сайтына сілтеме жасап.
Екібастұзға жұмыс сапарымен келген өңір басшысы Асайын Байханов сонда өткен жиында қарамағындағы қызметкерге тәртіптік жаза қолданылғанын өзі мәлімдеді.
Облыс әкімі қаланы аралап өтіп, одан кейін Екібастұздағы жылумен қамтудың ағымдағы жағдайы жөнінде кеңес өткізді.
Қала әкімі Аян Бейсекин қазір "Екібастұзтеплоэнерго" кәсіпорны техникалық аудит жүргізу туралы келісімге қол қоюды күтіп отырғанын айтты. Жұмыстың сметалық құны 280 миллион теңгені құрайды.
"Бірінші кезеңде жылу желілерінің тозығы жеткен жерлерін анықтап, оларды қайта құру жобасын жасауды жоспарлап отырмыз. Жұмыстарды аяқтау мерзімі 15 ақпаннан кешіктірілмейді", – деді әкім.
Оның айтуынша, қалада 110-ға жуық зақымдалған жылу желісі бар, нысандарда 86 адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен үйлерде жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ қалада төтенше жағдайға жол берген шенеуніктерді жазалау туралы шешім қабылданды. Олардың біріншісі бейіндік бөлімнің басшысы Ержан Салханов болды.
"Президент жан-жақты тексеру жүргізу туралы тапсырды. Онымен арнайы комиссия және Бас прокуратура айналысуда. Бұл комиссияға жергілікті атқарушы органдар қатыспайды, оның құрамына эксперттер мен жағдайды жан-жақты зерттейтін құқық қорғау органдары кіреді. Комиссия өз қорытындысын береді деп ойлаймын.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізді. Осыған байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов тәртіптік жазаға тартылды. Екібастұз қаласының шенеуніктерін одан әрі жауапкершілікке тартуды қала әкімінен күтемін", – деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ ол жақын арада басқа лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті кадрлық шешімдер қабылданатынын айтты.
Байханов Ержан Салхановқа жағдай қалыпқа келгенше Екібастұзда қалуды тапсырды. Әкім қалаға Павлодар жылу желілерінің мамандарын жіберу қажет екенін де атап өтті.
Аймақ басшысы қаладағы жағдай үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрап, шынында да жағдайдың оңай емес екенін, Екібастұз жылу электр орталығында жұмыстың тұрақты емес екенін айтты.
Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған болатын. Қалада төтенше жағдай жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2003670-ekibastuzda-oblys-akimi-zylu-maselesine-zauapty-seneunikti-zazalady/