"Ағаштар құлап, шатырлар қираған": Жамбыл облысында дауылдан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде (фото, видео)
Жарияланған күні:
Жамбыл облысының полиция қызметкерлері қарлы дауылдан кейін қалпына келтіру жұмыстарына белсенді атсалысып жатыр. Сондай-ақ бүгін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Жамбыл облысының Сарысу ауданына барып, жағдаймен танысқан.
"Полиция қызметкерлері құлаған ағаштарды, қауіпті электр сымдарды, үйлердің құлаған шатырларын жинастырып, қалпына келтіру жұмыстарына белсенді атсалысуда", – деп жазады Polisia.kz ақпараттық медиа порталы.
Сондай-ақ басылым жамбылдық полицейлер өңірде тұрғындарды табиғи апаттардан қорғау бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын, бұған барлығы 400-ге жуық облыстық полиция департаментінің қызметкері жұмылдырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, бүгін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласына барып, қарлы дауылдан кейінгі жағдаймен танысқан.
Аймақ басшысы алдымен "ЖаңатаСуЖылу" МКК қалыпқа келтіру жұмыстарын тексерген.
Сондай-ақ қатты желден құлаған электр бағаналарын көріп, оларды жөндеу бойынша жауаптыларға тапсырма берген.
Д.Қонаев атындағы орта мектебінде болған облыс әкімі қаладағы екі-үш оқу ордасын жылытуға барынша көңіл бөлу керектігін баса айтқан.
Бұдан бөлек Нұржан Нұржігітов қаланы ең алдымен электр энергиясына қосу керектігін жеткізген.
Қазір электр желілерін реттеу жұмыстарына 10 бригада жұмылдырылған.
Айта кетейік, бұған дейін қатты дауылдан Жаңатас қаласында шамамен 20 электр бағанасы құлағанын, ауа райының қолайсыздығына байланысты Сарысу ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004134-agastar-qulap-satyrlar-qiragan-zambyl-oblysynda-dauyldan-keiin-qalpyna-keltiru-zumystary-zurgizilude-foto-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.