Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаңтар қасіретіне бір жыл: оқиға қалай өрбіді (фото)

Жарияланған күні:

Алматы
Қаңтар оқиғасы кезіндегі Алматы. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Биыл Қаңтар оқиғасына бір жыл толды. Бас прокуратура дерегінше, жаппай тәртіпсіздік кезінде елімізде 238 адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алған. Осы ретте KAZ.NUR.KZ порталы қаңтар оқиғасының хронологиясын еске түсіріп көрмек.

Наразылық акциясы 2 қаңтар күні Маңғыстау өңірінде басталды. Оған сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауы себеп болған еді. Үкіметтік комиссия наразылыққа шыққандармен келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады. Кейін сол уақытта премьер- министрдің орынбасары болған Ералы Тоғжанов Ақтаудағы Ынтымақ алаңында комиссия шешімін жариялады. Онда газ бағасы литріне 50 теңгеге дейін төмендейтіні айтылды. Алайда наразылық еліміздің басқа қалаларында жалғасын тапты, олар газ бағасынан бөлек басқа да талаптар қойды.

Алматы
Алматыдағы тәртіпсіздік. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Ал 4 қаңтарда Алматыда наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Қаладағы ғимараттар бүлініп, дүкендер мен ірі сауда орындары тоналды, маңызды нысандарды басып алу, өртеу орын алды. Мегаполис тіршілігі тоқтап қалғандай болды. Алматыда наразылық білдірушілер 120 көлікті өртеп, 120 дүкенді қиратып, 500 адамды соққыға жыққаны белгілі болды.

Алматы
Алматы әкімдігі. Фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

5 қаңтар күні жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Алматыда сағат 23:00-ден таңғы сағат 7.00-ге дейін коменданттық сағат белгіленді. Қаладағы қақтығыс өршіп, бұл жағдай Атырау, Қызылорда, Ақтөбе мен Жамбыл және басқа да облыстарда да шиеленісе түсті.

Сол күндері елімізде ұялы байланыс пен интернет өшірілді, ұялы байланыс операторлары бұл жағдайға терроризмге қарсы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекеттік органдардың әрекеті себеп болғанын хабарлады.

Алматы
Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

5 қаңтар күні таңертең 95 полиция қызметкерінің жараланғаны және 200-ден астам тәртіпсіздікке қатысушы ұсталғаны хабарланды. Сол күні премьер-министр Асқар Мамин отставкаға кетті. Ақордада өткен жиында Тоқаев Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні Тоқаев Қазақстандағы жағдайдың шиеленісіп тұрғанын мәлімдеді. Президент бүлікшілерде мұқият ойластырылған іс-қимыл жоспары болғанын айтты. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Тоқаев "мүмкіндігінше қатаң әрекет етуге ниетті екенін жеткізді, ол оны бұл азаматтардың қауіпсіздігі мәселесі тұрғысынан түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Сол түні Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады. Ол Алматы әуежайында лаңкестік топтардың 5 ұшақты басып алғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ президент ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов қызметінен босатты, кейін оған қатысты билікті күштеп басып алу, мемлекетке опасыздық жасау және билікті асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тоқаевтың үндеуінен кейін бір-екі сағат ішінде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Никол Пашинян ұйымның бітімгершілік күштерінің Қазақстанға жіберілетінін жариялады.

Ал 7 қаңтарда Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады. Ол елде антитеррорлық операция жалғасып жатқанын айтты. Құқық қорғау органдарына оқ атуға бұйрық берілді.

Кейінірек Тоқаев қаңтар оқиғасы күндері "кейбір жолдастардың" оған елден кетуді ұсынғанын айтады. Деректі фильмдердің бірінде бұл ұсыныс ҰҚК бұрынғы басшысының аузынан шыққаны туралы мәлімет бар. Алайда Тоқаев елден кетуден бас тартқан, ол Қазақстандағы толқулар мемлекеттік төңкеріс жасауға және "билікке басқа адамдарды әкелуге" бағытталғанын айтады.

Қазақстанда қаңтар оқиғасынан кейін енгізілген төтенше жағдай 19 қаңтарға дейін жалғасты. Келесі күні ҰҚШҰ-ның соңғы бітімгерлері Қазақстаннан кетті.

Бітімгерлер
Фото: NUR.KZ/ Владимир Третьяков

Артынша Қазақстанда қаңтар оқиғасына қатысты ауқымды тергеу басталды.

Оқиға салдарынан 3500-ден астам адам жарақат алып, 1500-ден астам ғимарат зақымдалған, 238 адам көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004198-qantar-qasiretine-bir-zyl-oqiga-qalai-orbidi/