Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ашық диалогқа дайынмын": Жаңа оқу-ағарту министрі жұмысына қатысты жоспарларын бөлісті

Опубликовано:

Ғани Бейсембаев
Ғани Бейсембаев. Фото: primeminister.kz

Қазақстанның оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалған Ғани Бейсембаев өз Facebook парақшасында жазба қалдырды. Онда ол президент тапсырмасын бөлісіп, еліміздің білім саласын дамыту үшін бар күш-жігерін салатынын жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Мемлекет басшысының жарлығымен оқу-ағарту министрі болып тағайындалдым. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жоғары сенімі үшін ризашылығымды білдіре отырып, білім саласының дамуы мен жас ұрпақтың болашағы және ел мүддесі үшін қызмет етуде бар күш-жігерімді жұмсауға дайын екенімді білдіремін", - деп жазылған хабарламада.

Ол 4 қаңтарда президент қабылдауында болғанда мемлекет басшысы мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен ұлттық жобаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма жүктегенін атап өтті.

"Кеше мемлекет басшысы қабылдауында болып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, ұлттық жобаларды тиімді әрі сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына қатысты тапсырмалар алдым. Сонымен бірге тиісті мәселелерді уақытылы шешуге жеткілікті ден қою қажеттігін тапсырды.

Мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім, сондай-ақ инклюзивті білім мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты маңызды саланың салмақты жүгі артылып отыр", - деп жазды ол.

Жаңа министр бұл ретте аталған салада бұған дейін де атқарылған жұмыстар аз емес екенін жеткізді.

"Асхат Қанатұлы Аймағамбетовке бірге атқарған жұмыс үшін алғыс айта отырып, сабақтастық жалғасын табатынын атап өткім келеді.

Өз қызметімде ашықтық қағидаты негізінде тәрбиешілердің, мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналар қауымының, ұстаздардың пікірлері мен ұсыныстарына, журналистер, кәсіби сарапшылармен білім саласын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерді тыңдап, кәсіби талқылау жүргізу үшін ашық диалог өткізуге дайынмын.

Еліміздегі әр баланы сапалы біліммен қамтып, оның іскер, құқықтық сауаттылығы жоғары азамат болып қалыптасудағы қабілеті мен қарымын ашуға қажетті жағдай жасауда бір боламыз деп үміттенемін", - деп сөзін қорытындылаған жаңа министр.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысының жарлығымен Ғани Бейсембаев оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004333-asyq-dialogqa-daiynmyn-zana-oqu-agartu-ministri-zumysyna-qatysty-zosparlaryn-bolisti/