Ақтөбеде қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған Русланбек Жұбаназаровтың анасы ұлы туралы айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбеде қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған Русланбек Жұбаназаровтың жылдық садақасы өтті. Шалқар ауданы Мөңке би ауылында тұратын Русланбектің ата-анасы қалаға арнайы келген. Олар ұлының бір жылдық асын қайтыс болған жерінде өткізді. Марқұмның туыстарына облыс ақсақалдары мен әкімдік өкілдері көңіл айтып келді. Ұлын жоқтап жылаған анасын ешкім жұбата алған жоқ, де жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Бізді бағады деп отырған баланың кенжесі еді. Басқа балаларым аяқтанды. Вахтаға жұмысқа барып, қалған уақытында үйде болаын. Жаман мінезі жоқ еді. Бұзақы емес. Ішімдік, темекі тартпайды. Адамға зиян келтірмейтін. Мінезі қыздай еді. Оған сенім артып, "қартайғанда бізді қарайды" деп отырған баламыз еді. Сүйегін 32 күннен кейін алдым. Бір айдан кейін жер қойнына бердік. Қайтейін, жүрегім қарс айрылады", - деп жылайды етегі жасқа толған ана Гүлсім Жұбаназарова.
Анасының айтуынша, ұлы 2022 жылдың 6 қаңтарында кешкілік қалаға жұмыс іздеп келген беті екен. Таныстарымен кездесіп, қарындасының үйінен шығып кеткен.
"Таңғы сағат төрт шамасында атылған. Қалада алты сағат қана болып тұр. Ешкім келіп кешірім сұрамады", - дейді анасы.
Русланбек туған жері Мөңке би ауылында жерленді.
"Ағамның жаназасын мәйітханада шығарды. Бізге солай айтты. Сол жерде кебінін кигізді. Бізге имам шақырып берді. Мойын тұсынан кеудесіне дейін тігілген. Кейін әкем денені ауылға апарды. 32 күн өткендіктен денені көп ұстай алмадық. Ауылға апарған бойдан жаназасын шығарып, жерледі", - дейді марқұмның қарындасы Жайнагүл Бүркітқызы.
Марқұмның отбасына 7 млн теңге материалдық көмек берілген.
Русланбектің артында төрт жасар ұлы қалды.
Авторы Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004515-aqtobede-qantar-oqigasy-kezinde-qaza-bolgan-ruslanbek-zubanazarovtyn-anasy-uly-turaly-aitty/