Шымкентте екі айға жуық жансақтау бөлімінде жатқан әйел ұл босанды
Жарияланған күні:
Шымкентте екі айға жуық жансақтау бөлімінде жатқан жүкті әйел дүниеге аман-есен ұл әкелді. Нәрестенің салмағы 685 грамм. Бұл 30 жастағы келіншектің тұңғыш перзенті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі.
Өткен жылдың 15 қараша күні Шымкент қаласының 30 жасар тұрғыны ауыр халде N1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер әйелді толық тексеруден өткізіп, соқырішек диагнозын қойған. Одан бөлек, жүкті әйелдің созылмалы бірнеше ауруы болған көрінеді.
"1992 жылғы пациент ауыр халде қабылдау бөліміне жеткізілген. Іштің өткір ауырсынуына шағымданған жүкті әйелді медицина мамандары толық медициналық тексеруден өткізіп, жедел операция бөліміне ауыстырған. Операция кезінде дәрігерлер босанған әйелден гангренозды соқырішекті анықтап, хирургиялық жолмен алып тастаған.
Ішінде шаранасы бар әйелде отадан кейін асқынулары көп болған. Себебі пациентте аппендициттен бөлек, екі жақты пневмония, бүйрек-бауыр зақымдануы, созылмалы бүйрек аурулары болған. Бұған қоса науқасқа дәрігерлер “жүйелі қызыл жегі” (системная красная волчанка) диагнозын қойған",- деп мәлімдеді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Осылайша, созылмалы ауруларының асқынуы салдарынан науқастың күннен-күнге денсаулық жағдайы нашарлаған. Ана мен құрсақтағы сәбидің өмірін арашалап қалуға атсалысқан шымкенттік дәрігерлер ауыр халдегі әйелді ӨЖЖ аппаратына қосқан.
Жүктіліктің 24-25-аптасында 2 қаңтар күні жүкті әйелдің толғағы басталып, дәрігерлер жас ананы мерзімінен бұрын босандырып алған.
"Бұл менің алғашқы балам. Ғажайыптың кереметімен аман қалдым. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге мың алғыс. Бар арманым, нәрестемді аман есен тезірек қолға алып қауышсам деймін", - дейді жас босанған ана.
Дүниеге келген ұл баланың салмағы - 685 грамм. Ауыр халдегі сәби қалалық перинаталдық орталықтағы балаларға арналған жансақтау бөліміне ауыстырылды. Дәрігерлер бүгінде шала туған нәрестеге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп жатқанын айтады.
"Босанған әйелдің жағдайы бүгінде жақсарып, жансақтау бөлімінен палатаға ауысты. Қазір жағдайы тұрақты. Денсаулығы жақсарған жас ананы дәрігерлер осы апта ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр", - деп мәлімдеді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004674-symkentte-eki-aiga-zuyq-zansaqtau-boliminde-zatqan-aiel-ul-bosandy/