Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Біздің махаббатымыз бәрін жеңді": Арбаға таңылған атыраулық жігіт өз сүйіктісін қалай жар етіп алды

Опубликовано:

Дәурен мен Дильназ
Дәурен мен Дильназдың үйлену тойы. Фото: Дәурен Жәрдемовтың жеке мұрағатынан

Атырауда жол апатының салдарынан арбаға таңылған жас жігіт жақында сүйіктісімен неке қидырып, үйлену тойын өткізді. Ерекше жұптың тойы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударған болатын. Осы орайда KAZ.NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі 28 жастағы күйеу жігіт Дәурен Жәрдемовтің өзімен тілдесті.

Дәурен 2021 жылдың қаңтар айында жол апатына ұшырап, содан жұлынына зақым келген, салдарынан өздігінен жүріп-тұра алмай қалған.

Ол болашақ жарымен сол жол апатынан кейін кездесе бастағанын айтады.

"Осы күнге дейін Атырау, Алматы, Стамбул қалаларында үш ота жасалды. Операциядан кейінгі сәттерде ата-анамның, достарымның, сүйіктімнің үлкен көмегі тиді. Болашақ жарыммен жол апатынан кейін кездесе бастадық. Төсектен тұрып арбаға отыруға, далаға, қоғамға шығуға мотивация беріп, демеп, үлкен көмегін тигізді. Қалаға ағамның үйіне жиі келетінмін. Болашақ жарыммен сол жерде таныстым, көрші болып тұрдық", - дейді Дәурен Жәрдемов.

Дәурен мен Дильназ
Дәурен мен Дильназ. Фото: Дәурен Жәрдемовтың жеке мұрағатынан

Даурен үйіндегі бес баланың екіншісі, бір әпкесі және үш інісі бар. Ата-анасы ауылда мал шаруашылығымен айналысады.

Дәурен отбасымен
Дәурен отбасымен. Фото: Дәурен Жәрдемовтың жеке мұрағатынан

Дәуреннің мамандығы – ветеринар. Ал жары Дильназ Дәулетбаева – студент, жасы – 19-да, болашақ медицина қызметкері. Дильназ екі ұлдың арасында еркелеп өскен жалғыз қыз екен. Күйеу жігіттің айтуынша, алғаш кездесіп жүрген кезде қыздың туыстары олардың қарым-қатынасына қарсы болған.

"Екеуіміз далада жиі қыдыратынбыз. Қиындықтарға соңына дейін шыдаймыз деп шештік. Ақырында біздің махаббатымыз бәрін жеңді. Қыздың ата-анасы да, бауырлары да өз баталарын беріп, бізге бақыт тіледі. Бір жарым жылдай кездесіп, кеше ғана қыз ұзату мен үйлену тойымызды көпшілікпен бірге атап өттік", - дейді Дәурен.

Екі жастың тойындағы әсерлі сәттерді желіде күйеу жігіттің өзі бөліскен.

Дәурен мен Дильназ
Дәурен мен Дильназ. Фото: Дәурен Жәрдемовтың жеке мұрағатынан

Айта кетейік, көпшілік бірауыздан тағдырдың жазуымен арбаға таңылған сүйіктісін қиындықта жалғыз қалдырмай, оның жары атануға келісімін берген аруға тәнті болған.

Желі қолданушылары оларға "Жұптарыңыз жазылмасын!", "Тездетіп аяқтан тұрып кетіңіз", "Ниетіңе қарай азаматың шауып кетсін" деген ақ тілектерін жаудыруда.

Дәурен мен Дильназ қалада тұру туралы шешімге келген.

"Шыны керек, ауыл ыстық болғанмен ол жерде арбада отырған кісіге ешқандай жағдай жасалмаған. Қарапайым есік алдына шығудың өзі мұң. Жаңбыр жауса балшық, былай күндері шоқалақ жол. Бір жағынан жұбайым - әлі студент, оқуы бар. Сондықтан қалада тұрамыз деп шештік. Мен өзім бизнеспен айналысамын деген ойым бар", - деп сөзін аяқтады Дәурен.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004647-bizdin-maxabbatymyz-barin-zendi-arbaga-tanylgan-atyraulyq-zigit-oz-suiiktisin-qalai-zar-etip-aldy/

pixel