Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елбасы туралы заңның күші жойылғаннан кейін Назарбаев қандай артықшылықтардан айырылады

Опубликовано:

Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: elbasy.kz

Қазақстанның Конституциялық соты "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" Қазақстан Республикасының заңының күші жойылды деп таныды. Осы заң бойынша Нұрсұлтан Назарбаев қандай артықшылықтарға ие болды және енді ол қандай артықшылықтардан айырылуы мүмкін екенін KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

"Әділет" АҚЖ-да жарияланған "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" Конституциялық заңына сәйкес, Қазақстанның тұңғыш президентіне бірқатар артықшылық берілген болатын, олардың ішінде:

  • ол өмір бойы Қазақстан халқына, мемлекеттік органдарға жүгіну құқығына ие болды;
  • үкімет отырыстарына қатысу;
  • тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың міндетті түрде қарауына жататын мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша бастамалармен парламент алдында сөз сөйлеу.

Сонымен қатар Елбасын жария түрде қорлағаны және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұққаны, тұңғыш президенттің бейнесін бүлдіргені, Елбасының заңды қызметіне кедергі жасағаны үшін жауапкершілікке тарту қарастырылып келген.

Сондай-ақ тұңғыш президент қол сұғылмаушылыққа ие еді. Ол президент ретінде өз өкілеттігін орындау кезеңінде және одан кейін жасаған әрекеттері үшін жауапқа тартылмайтын. Оны ұстауға, қамауға алуға және қамауда ұстауға, тінту жүргізуге, жауап алуға немесе жеке тексеруге болмайтын еді.

Қол сұғылмаушылық оның отбасы мүшелеріне, оның мүлкіне, қызметтік үй-жайларына, қызметтік көлігіне, байланыс құралдарына, хат алмасуға, оларға тиесілі құжаттарға, сондай-ақ оның қорына тиесілі мүлікке де қатысты болды.

Тұңғыш президент пен отбасына қол сұғылмаушылық және банктік шоттарының банктік құпиясы Елбасы туралы заңмен кепілдендірілді.

Елбасы Қазақстан аумағында мемлекеттік органдарға қолжетімді президенттік, үкіметтік және басқа да байланыс түрлерін өмір бойы тегін пайдалануға құқылы болды.

Оған, сондай-ақ, өмір бойына мынадай артықшылықтар ұсынылған:

  • өмір бойғы күзет;
  • қажетті мемлекеттік қызметті қамтитын қызметтік пәтер және мемлекеттік саяжай;
  • жүргізушілері бар жеке автокөлік;
  • ел бойынша тегін жол жүру және ресми тұлғалар мен делегациялар үшін залдарды пайдалану құқығы;
  • тегін медициналық қызмет көрсету және санаторий-курорттық емдеу;
  • президенттің лауазымдық жалақысының өсуін ескере отырып, президенттің айлық лауазымдық жалақысының 80 пайыз мөлшеріндегі ай сайынғы зейнетақы;
  • президенттің жылдық лауазымдық жалақысына тең сомаға республикалық бюджет қаражаты есебінен міндетті мемлекеттік сақтандыру.

Тұңғыш президентпен бірге тұратын отбасының әр мүшесіне қарттық бойынша ең төменгі зейнетақының 10 еселенген мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына тағайындалды.

Қазақстан Респбуликасының Конституциялық соты аталған заңның күшін жою туралы қаулы шығарған болатын.

KAZ.NUR.KZ тілшісі мән-жайды толық түсіндіру үшін саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа жүгінген еді.

Саясаттанушы бұған дейін, Конституциялық заңға сәйкес, тұңғыш президент міндетті түрде қаралуы керек бастамаларын айтып халыққа, мемлекеттік органдарға және лауазымды тұлғаларға жүгінуге, сондай-ақ парламент алдында, үкімет отырыстарында сөз сөйлеуге және жаңа жылдан бастап Конституциялық сот болып қайта құрылған Конституциялық Кеңестің құрамына кіруге құқығы бар болғанын хабарлады.

Енді тұңғыш президенттің парламент пен үкіметке жүгінуге құқығы жоқ, бірақ екеуінің де отырыстарына қатысуға құқығы бар.

"Сондай-ақ тұңғыш президенттің қол сұғылмаушылығы мәселесі де қарастырылған, бірақ бұл норма Конституцияда және "ҚР президенті туралы" Конституциялық заңда қазіргі және бұрынғы президенттерге қатысты болып қалады. Бұл президентті және бұрынғы президенттер мен олардың отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және қорғау туралы баптарға да қатысты.

Конституция мен "Президент туралы" заңға сәйкес, экс-президент, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайтынын есте ұстаған жөн. Олардың құқығына қол сұғу заң бойынша қудаланады. Экс-президент мемлекет басшысының өкілеттігін орындауға байланысты іс-әрекеттері үшін, мемлекеттік опасыздық жасау жағдайларын қоспағанда, жауапты бола алмайды", – деді Әшімбаев.

Саясаттанушы тұңғыш президент туралы заңда бірінші президентке және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығындағы барлық мүлікке, сондай-ақ тұңғыш президент қорына тиесілі мүлікке қол сұғылмаушылық қолданылады деген ереже бар екенін атап өтті.

"Бұл нормалар күшін жояды. Сонымен қатар, тұңғыш президент туралы заңда "Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев" ордені мен Елбасының бейбітшілік пен прогресс мемлекеттік сыйлығын тағайындау көзделген. Бірақ, екінші жағынан, олардың мәртебесі басқа заңнамалық актілерде жазылған, сондықтан олар бойынша мәселе ашық", – деп түсіндірді Данияр Әшімбаев.

Сонымен қатар тұңғыш президент құрған заңды тұлғалардан құлсұғылмаушылық алынып тасталады – бұл тұңғыш президент қорына және басқаларға қатысты.

Ол, сондай-ақ, парламент заңның күшін жоюы тиіс екенін, осы заңның тоқтатылуы туралы норма жақын арада қаралуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар, бүгін мәжілістің жалпы отырысында парламенттің төменгі палатасы Елбасы туралы заңның күші жойылды деп тану туралы Конституциялық заң жобасы бойынша парламент палаталарының бірлескен комиссиясын қалыптастыру үшін депутаттар тізімін мақұлдады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004945-elbasy-turaly-zannyn-kusi-zoiylgannan-keiin-nazarbaev-qandai-artyqsylyqtardan-aiyrylady/

pixel