Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"10 жылдан аса уақыт мұндай қыс болған жоқ": Қазақстан саршұнақ аяздың құрсауында қалды

Опубликовано:

Қыс
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда апта басынан бастап қатты аяз тұрып, республиканың басым бөлігінде оқушылар қашықтан оқу форматына көшті. Алматы мен Шымкент қар құрсауында қалса, Астана көшелерін мұз басуда. Күннің күрт суытуына байланысты өңірлердің тыныс-тіршілігі қандай? KAZ.NUR.KZ материалынан біле аласыздар.

Алматыда қалың қар жауғаннан кейін, қалаға -25 градус аяз түсті. Осыған орай, құтқарушылар қала тұрғындарын далаға көп шықпауға шақырды. Сондай-ақ оңтүстік астана оқушылары бүгіннен бастап қашықтан оқу форматына көшті.

Қатты аяз Астана тұрғындарын да әуре-сарсаңға салды. Елордада да оқушылар осы апта бойы қашықтан оқу оқып жатыр. Шаһарда аязды күндердің алдында күннің күрт жылып, еріген қар суы көшелерді басып қалған болатын. Осыған орай, Астанада кей көшелер мұз алаңына айналған.

Сол сияқты Шымкент те осы аптада қалың қардың құрсауында қалды. Қалада тек бір тәулікте 25-30 сантиметрлік қар жауып, кейін аяз күшейді.

"Шымкент Онлайн" Instagram парақшасының хабарлауынша, биылғы қыс қала тұрғындары үшін соңғы үш жылдағы ең суық қыс болмақ. Десе де желі қолданушылары мұндай қыс соңғы 10 жылда болмағанын айтады.

"Қайдағы үш жыл, мен мұндай қысты соңғы 10 жылда көрмеген шығармын", "Мен мектеп кезімнен мынадай қарды көрмедім ғой деймін", "Үш жылдан көп, мынадай аяз соңғы рет 2007 жылы болды" деп жазды олар.

"Қазгидромет" РМК мәліметінше, алдағы үш күнде Шымкентте күндіз ауа температурасы -8...-12 градус, түнде -22...-26 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Ақтөбеде де бірнеше күн бойы саршұнақ аяз сақталуда. Қаланың жаңа әкімі Мұрат Жүребековтың "Диапазон" газетіне берген мәліметінше, қолайсыз ауа райы салдарынан көлік шығаратын көліктер қоқыс полигонында қатып қалып жатқан көрінеді. Сондай-ақ өңірде арнайы техника жұмысты үзіліссіз жалғастыра алмайтыны белгілі болды.

"Сол себепті қатты қоқысты шығаратын 3 мердігер компания, мәжбүрлі түрде бекітілген кестеден қалып қойып жатыр. Қатты аяз қыс уақытында жол күтіміне жауапты 13 мердігерлік мекеменің де жұмысын қиындатып жатыр. Арнайы техника жолда қатып қалып жатыр, сөйтіп жұмыстарын аяқтай алмайды. Десе де қатты аяздарға қарамастан, жұмысшылар қала көшелерін, жолдар мен тротуарларды қардан тазалап жатыр", - деді әкім.

Сол сияқты Павлодар облысының Ақтоғай ауылында кеше қатты аяз салдарынан аспанда "аяз таяқшалары" сынды ерекше көрініс көрінді. Айрықша оптикалық құбылысты жергілікті тұрғындар тамашалай алған.

КТК телеарнасының тілшілерінің хабарлауынша, қолайсыз ауа райы оңтүстік өңірлерге де келіп жеткен. Осылайша, Таразда 10 қаңтарда жауған қалың қар әсіресе көлік жүргізушілерінің есін шығарған.

Синоптиктердің болжамынша, қалада 12 сантиметр болатын қалың қар жауған. Бүгінде шаһардағы коммуналдық қызмет тәулік бойы жұмыс істеп тұр, дейді облыстық әкімдік өкілдері.

Осыған орай, синоптиктер Жамбыл облысы тұрғындарына қолайсыз ауа райы әлі бірнеше күн сақталатынын айтып, ескерту жасауда. Сонымен қатар облыста 33 градус аяз бен боран күтілуде.

Сол сияқты елдің шығысындағы Абай облысында қазірдің өзінде 30 градустық аяз тұр. Бұған дейін облыс орталығы Семейдей көктайғақ болса, енді оның орнына өңірде саршұнақ аяз келіп жеткен. Осыған орай өңірде студенттер мен мектеп оқушылары қашықтан оқу форматына көшкен.

Бұған қоса Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарына да алыс жолға шығуға тыйым салынуда. Телеарна тілшілері, бұл әсіресе дизельді отыны бар көлік иелеріне қатысты дейді. Қала тұрғындарына қаттыс аязда далаға көп шықпауға, жылы киінуге кеңес беріледі.

Алматы облысы тұрғындары да бірнеше күннен бері аяз құрсауында қалған. Gismeteo ұсынған мәліметтерге сәйкес, Қонаевта бүгін -16...-23 градус аяз күтілсе, түнде облыста ауа температурасы -24 градусқа дейін, ал cенбі, 14 қаңтар күні термометр көрсеткіштері -26 градус аязды көрсетеді болжанып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005100-10-zyldan-astam-mundai-qys-bolgan-zoq-qazaqstan-sarsunaq-ayazdyn-qursauynda-qaldy/

pixel