Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық әйел Кореяға жұмыс істеуге кеткен қызынан 1,5 жылдан бері хабар ала алмай отыр

Опубликовано:

Альбина Кабдуллина
Альбина Кабдуллина. Видеодан кадр: Астана арнасы

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Айгүл Болсаева Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге кеткен қызынан 1,5 жылдан бері хабар ала алмай отырғанын айтып, жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, ШҚО тумасы Альбина Кабдулдина есепші мамандығын меңгеріп, Қазақстада жүргенде сауда үйінде сатушы болып жұмыс істеген. Кейін жолдасы қайтыс болып, 13 жастағы жалғыз қызымен қалған.

Ал 2019 жылы табысы көбірек жұмыс іздеу үшін Оңтүстік Кореяға кеткен.

"Үнемі байланысты болды. Жұмыс орнын көрсететін. Қайда істеп жатқанын, зауыттарын көрсететін. Пандемия уақытында визасымен проблема болды. Сол кезде шыға алмай қалдым деді. Бірақ бастықтары керек затты әкеп береді деді. Жұмыс табу үшін Пусан, Сеул деген қалаларды ауыстырып отырды. Үйге қайт дегенде: "Мама, үйге барғанда не істеймін? Табыс жоқ. Әйтеуір келгеннен кейін бірдеңесін жинап-теріп, мүмкін бірдеңе аламыз" деді. Сондай ниетпен кетті ғой", - дейді Альбинаның анасы Айгүл Болсаева.

Телеарнаның дерегінше, 35 жастағы Альбинамен байланыс 2021 жылдың 13 маусымында үзілген. Әйел қызын тауып беремін деген адамға алданып қалғанын да айтады.

"Міне 1,5 жыл болды. Білмеймін қайда екенін... Барлық мүмкіндікті жасадық. Дүниенің ақшасын жібердік. Бір әйел болысамын деп ол да алдап кетті. Сөйтсек, алаяқ боп шықты. Енді білмеймін кімге сенуге болатынын, қайдан іздеуге болатынын", - дейді Айгүл Болсаева.

Заңсыз мигранттардың құқығын қорғайтын "Корея көмек" қайырымдылық қорының мүшесі Самат Ахметов те жоғалған Қазақстан азаматын іздестіруге ат салысуда.

"Альбина деген қарындасымызды Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі өте жақсы көмектесіп, барлық жерге ақпарат таратып, тергеу және құқық қорғау органдарымен 3-4 рет кездесу өткізді. Өзіміз , яғни, "Корея көмек" Альбинаның мамасымен тікелей байланыс орнатып, Кореяның 72 мәйітханасына бардық. Алайда өлгендердің қатарында да, миграциялық бөлімге, түрмеге түскендердің қатарында қарындасымыздың аты-жөні болмады", - дейді қор мүшесі.

Телеарна мәліметінше, қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда 37 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың 11 мыңы заңсыз мигрант. Жылына сол елде іс-түссіз жоғалатын жергілікті және шетел азаматтардың саны 11 мыңнан асады.

Кореяға бару жөнінде кеңес беру орталығының басшысы Исламбек Әлиевтің телеарнаға айтуынша, қазақстандық азаматтар Оңтүстік Кореяда 30 күннен артық жүретін болса, автоматты түрде заңсыз боп есептелінеді.

"Нақтысын айтқанда барып жатқан адамдардың 80-90 пайызы сол жақта жұмысқа қалып қойып жатқан адамдар. Ол жақтағы айлықты толық айта алмаймын енді. Бірақ біздің естуіміз бойынша 800-900 мың теңгеден басталады", - дейді ол.

Авторы: Қ. Мерей

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005246-qazaqstandyq-aiel-koreyaga-zumys-isteuge-ketken-qyzynan-15-zyldan-beri-xabar-ala-almai-otyr/

pixel