Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда сүт өнімдері қымбаттауы мүмкін

Опубликовано:

сүт өнімі
Ірімшік. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда сүт өнімдерінің бағасы көтерілуі мүмкін. Сүт одағының басшысы Владимир Кожевников оған еліміздегі субсидиялау тәсілдерінің өзгеруі себеп екенін айтады. Бұл туралы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайты хабарлады.

Кәсіпкердің есептеуі бойынша 1 кг сары май өндіру үшін 22 кг шикі сүт қажет. Оның сөзінше, сүттің құнын ескере отырып, кәсіпорындардың басқа шығындарын есепке алмағанда, өнімнің тек шикізаттық өзіндік құны шамамен 4000 теңге болады.

"Сүт өңдеушілерге субсидия жазда шикі сүт сатып алу және өнім өндіру үшін керек. Сыртқы факторларға байланысты шикізат бағасы үнемі өсіп келеді. Мысалы, соңғы екі жылда шикізат сүтінің құны 1 келі үшін 126,9 теңгеден 204,2 теңгеге, яғни 61 пайызға дейін қымбаттады. Тиісінше сары майдың шикізат құны 45,5 пайызға артты", ­– дейді сүт одағының басшысы Владимир Кожевников.

Сүт өңдеушілердің айтуынша, өкінішке қарай, Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы қолдау тәсілдерін таңдау кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет берген ұсынымдарды негізге алған. Антикор берген ұсынымдарда субсидиялау кезінде кез келген сыбайлас жемқорлық және қаржылық тәуекелдерді жою қажеттілігі айтылған.

"Осылайша министрлік  субсидияның басты мақсаты – өндірістің өсуін ынталандыру және ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және импортқа тәуелділік пен өзіндік құнын төмендету екенін естен шығарды", - делінген кәсіпкерлер палатасының ресми хабарламасында.

Ұлттық палата деректеріне сүйенсек, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде республикада сүт өнімдері өндірісі артқаны байқалады. Соңғы 5 жылда отандық өндіріс есебінен республиканың сары маймен қамтамасыз етілуі 74 пайыздан 97 пайызға өскен. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін дәлелдейді.

Бірақ кәсіпкерлердің айтуынша, министрлік тарапынан субсидиялауға жаңа тәсіл енгізілуі сүт саласының жағдайын күрт қиындатады, бәсекеге қабілетті болуды төмендетеді, жазды күні шикі сүт сатып алу мүмкіндігін жойып, сүт өнімдерінің қымбаттауына түрткі болады.

"Қазақстанда сүт табынының шамамен 70 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда ұсталады. Бұл шаруашалықтар күзгі-қысқы кезеңде сүт өткізуді тоқтатады. Осыған байланысты, сүт өңдеуші кәсіпорындар шикізат тапшылығының туындау қаупін біліп, жазда дайын өнімді жаппай жинау науқанын жүргізеді, ал оны кейін сатады. Жазғы кезеңде сүт өнімдеріне, оның ішінде сары майға сатып алу сұранысы маусымға қарай төмендейді", – деп атап өткен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының АӨК және тамақ өнімдері департаментінің сарапшысы Әсем Серікбекова.

Осыған байланысты сүт зауыттарының өкілдері субсидиялау механизмін өзгеріссіз қалдыруды және халыққа қосымша шығындарды жүктемеуді сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005758-qazaqstanda-sut-onimderi-qymbattauy-mumkin/

pixel