Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?!": депутат соңғы қоңырау шарасын басқа күнге ауыстыруды ұсынды

Опубликовано:

Пандемия кезіндегі соңғы қоңырау
Соңғы қоңырау.Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай бүгін мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке соңғы қоңырау шарасы өтетін күнге қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Біздің елімізде 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз" деп атап өткендей, тағдыры қасіретке толы зұлмат жылдардың құрбаны болған ата-бабаларымызды ұмытпауға тиіспіз.

Өкініштісі сол, тоталитарлық жүйенің қанды қасабына іліккен миллиондаған жандардың ауыр тағдырына ойлана қарап, аяулы есімдерін ардақтай еске алып, шын көңілмен лайықты құрмет көрсете алмай келеміз", – дейді депутат.

Аманжол Әлтайдың сөзінше, "31 мамыр күні Алаш арыстарының рухына жасап жүрген құрметіміз олардың ескерткіштері мен мемориалды орындарға гүл шоғын қоюдан аспай тұр".

"Сауалымызға негіз болған ең басты себептің бірі – Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы №363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау – 31 мамыр болып бекітілуі. Алаш арыстарының аманатын ұрпақ санасына сіңіруге тиіс министрліктің 31 мамыр күнінің маңызына мән бермегені қандай өкінішті. Арыстарымыздың рухына бір күнді де толық қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?!", – дейді ол.

Аманжол Әлтай осы себептен мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға, не болмаса 1 маусымға ауыстыру керектігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап.

"Ең болмаса, 31 мамыр күні адамдарды әлеуметтік желілердегі елдің бірлігіне, мәдениетіне нұқсан келтіретін теріс әдеттерден тыйылуға шақырамын. 31 мамыр ғайбаттаудың арты күнә, жаланың арты жамандық, өсектің арты өкініш, қарғыстың арты қасірет, бөлінудің арты бүліну екенін сезінетін, бір-бірімізді қаралауға емес, бағалауға ұмтылатын күн.

31 мамыр – азаттық үшін арпалысып өткен, мемлекет құру жолында мерт болған, ұлт үшін, ұрпақ бақыты үшін азап шеккен асыл бабалар алдында парызымызды пайымдайтын, Алаш аманатына адал болуға құлшынатын күн. Үкімет осы күннің мән-мағынасына лайықты шараларды іске асыруы тиіс", – деген депутат үкімет атқаруы тиіс шараларды жіктеп, айтып берді.

"Атап айтқанда:

  • Бірінші, "Жалпыхалықтық үнсіз еске алу минуты" шарасы дәстүрлі өту керек. Сол сәтте ел аумағындағы бүкіл көлік қозғалысы тоқтатылып, бір минуттық үнсіздік арқылы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу қажет.
  • Екінші, мектептердегі соңғы қоңырау күні 31 мамырдан басқа күнге ауыстырылсын.
  • Үшінші, телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттер тоқтатылып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетілуге тиіс.
  • Ақпараттық құралдарда атаулы күннің тарихи салмағын, тағылымдық мағынасын жан-жақты жеткізетін мақалалар жариялансын.
  • Дәл сол күні мейрамханаларда той өткізуге тыйым салынсын.
  • Төртінші, 31 мамыр күні әр ата-ана отбасындағы тәлімді әңгімесін, ұстаз сабағын, дін өкілдері уағызын, минстрліктер мен әкімдіктер, мемлекеттік мекемелер жұмыс күнінің басын ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алумен бастағаны дұрыс.
  • Бесінші, балабақшалар мен мектептерде, жоғарғы оқу орындарында балалар мен жастарға арнаулы дәрістер, пікірлесу сағаттарын, зиялы қауым өкілдерімен кездесу кештері өткізілсін", - дейді мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005810-dumandatyp-kete-beretin-bolsaq-eldigimiz-qaisy-deputat-songy-qonyrau-sarasyn-basqa-kunge-auystyrudy-usyndy/

pixel