Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кардиохирург Назарбаевқа жасалған ота туралы айтты

Жарияланған күні:

Юрий Пя
Юрий Пя. Фото: NUR.KZ/Алена Бутенко

"Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының" хирургия бойынша директоры, танымал кардиохирург Юрий Пя Астанада өткен брифингте бүгін жүрегіне ота жасалған Нұрсұлтан Назарбаевтың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Юрий Пяның сөзінше, ол көптен бері Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі.

Ал бүгінгі процедура әдеттегі емдік-диагностикалық процедура және шамамен 2,5 сағатқа созылған.

"Бүгін жасалған процедура былтыр жоспарланған болатын. Біз оның уақытының тығыздығына және денсаулық жағдайына байланысты бүгін өткізуді жөн санадық", – дейді дәрігер.

Оның айтуынша, емдеу процедурасы сәтті өткен, тұңғыш президенттің қазіргі жағдайы жақсы.

Юрий Пя Нұрсұлтан Назарбаевты ауруханадан шығару туралы шешім отаға қатысқан дәрігерлермен ақылдаса келе қабылданатынын атап өтті.

"Бұл интеграциялық араласу. Егжей-тегжейін айтпай-ақ қойсам деп едім. Айта кететін жайт, жүрек бұған дейін қалай өздігінен жұмыс істеп тұрса, қазір де солай жұмыс істеп тұр және әлі де ұзақ уақыт жұмыс істейді. Кардиостимулятор болмағанын айта аламын", – дейді дәрігер.

Сонай-ақ Юрий Пя Алтай Көлгіновтің (вице-премьер - ред.) орталыққа бір күн бұрын келуімен бұл жағдайдың арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Көлгіновпен кардиохирургиялық клиника мен орталықты дамыту мәселесі талқыланған.

Сонымен қатар кардиохирург клиникадағы палаталарда VIP жағдай жоқ екенін, мұндай отаға Қазақстанның бірде-бір азаматы қаржы төлемейтінін жеткізді.

"Иә, бұл процедура қаржы жағынан қымбат, бірақ құдайға шүкір, мұны Қазақстан азаматтарына жасай алатын мүмкіндігіміз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы клиника ашылғаннан бері біздің бақылауымызда. Бұл оның жүрегі ауыратындықтан емес, адам негізі міндетті түрде тексерулерден өтіп тұруы керек. Бұл жасқа да байланысты емес", - дейді Юрий Пя.

Ол бүкіл командасы және ұжымымен мақтанатынын да айта кетті.

Еске салсақ, бұған дейін экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне ота жасалғанын хабарлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006174-kardioxirurg-nazarbaevqa-zasalgan-ota-turaly-aitty/