Асау үйретіп, бәйге алған 17 жастағы атыраулық атбегі қыз туралы не білеміз (фото)
Жарияланған күні:
Атыраулық 11 сынып оқушысы ат спортымен кәсіби түрде айналысып, асау үйретеді. Жылқы малын ерекше сүйетін 17 жастағы Дария Болат KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, өзінің сүйікті ісі және ұлттық спортқа қалай келгені туралы айтып берді.
Дария Болат 15 жасынан бастап асау үйретіп келеді. Өзінің айтуынша, бұл спорт түріне ден қоюына жылқыға деген махаббаты себеп болған.
"Асау үйретуді қолға алып, меңгеруіме себеп болған бір жайт – алғашқы сәйгүлігім. Әдемі деген ат қойып, меншіктеп алған сәйгүлігімді өзім үйретсем деген талпыныс болды", – дейді Дария.
Дарияның айтуынша, ол жастайынан ата-әжесінің қолында өскендіктен төрт түлікке жақын. Әжесіне қолғанат болып, мал сауысып жүріп, жылқы малын ұната бастаған. Уақыт өте келе, алдына мақсат қойып, ақша жинап жүріп, өзіне арнайы сәйгүлік те сатып алады.
"Жалпы атқа мінуді өз талпынысым арқылы үйрендім. Әрине алғашында жылқыға мініп көрмеген мен үшін бірден үйретілмеген атқа міну оңай болған жоқ. Алғашында қорықтым. Бірақ тәуекел етіп міндім. Осы жолда қанша мәрте аттан құласам да, қайсар мінезімнің арқасында ақыры үйреттім! ", – дейді мектеп оқушысы.
Дария сәйгүлігі Әдеміні жуасытамын деп, қолын да сындырған екен. Ал қызының осы бір қауіпті әрі тәуекелі көп іске бүйрегі бұрып тұрғанын көрген ата-анасы бастапқыда оны ойынан айнытпақ болыпты. Десе де, оның кәсібіне деген махаббатын көріп, таңдаған жолына қарсы тұрмапты.
"Әкем Берекенов Болат және анам Жұмағалиева Айсулу қарапайым көпбалалы отбасынан шыққан жандар. Ата-анам басында қарсы болды. Атқа мініп шабу немесе атқа бас үйретуде оқыстан болатын жағдайлар көп болады. "Бір жеріңе оқыс теуіп қалса, мертігіп қаласың" деп ескертті. Ондай жағдайларды да бастан кешірдім. Бірақ өзім жылқыны ес білгелі жақсы көремін. Жылқы жайлы кино көп көріп қызығушылығым одан сайын артты. Ең алғаш "Жау жүрек мың бала" деген кинодағы Қорлан деген батыр қызды көріп, соған еліктедім. Асау үйрету өте қиын іс екен. Асауды кез келген адам үйрете алмайды. Өте қауіпті. Бірінші рет жылқымды үйретемін деп қолымды сындырғанмын. Әрине, уақыт өте келе бәріне үйренесің ғой. Дегенмен ат та адам сияқты. Олардың түрлі-түрлі мінезі болады. Өте тентек аттар болады. Міне, сондай малды үйрету ұзақ уақыт алады. Жалпы жылқымды қарауға күніне 2-3 сағат жұмсаймын. Бірақ қораға бір кірсем шығуым қиын. Себебі жылқының қасында ұзақ уақыт сөйлесіп жүре беремін", – дейді Дария.
Одан бөлек Дария аттың үстінде садақ атумен айналысады. Бұл спорт түріне де ол жүрек қалауымен келген екен.
"Бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысамын. Атырауда Өнербек Жанбалаев деген ағамыздың жеке қожалығында арнайы жаттықтыруға арналған орын бар, сол жерде дайындаламын. Жүлделі орындар да алып жүрмін. Қазір әлеуметтік желіде маған қызығып, еліктеп жатқан қыздар да көп. Көбі маған "үйрете аласың ба?" деп өтініш айтып жатады. Ұлттық спорттан бәйгеге қатыстым. Ауыларалық бәйгеде 20 аттың ішінен екінші келдім", – дейді ол.
Бүгінде Дарияны қыз қуу секілді ұлттық ойындарға қатысуға шақыратындар көп. Ол шеберлігін шыңдай түсу үшін мұндай шараларға белсенді қатысып келеді. Атбегі қыз болашағын ат спортымен байланыстырады. Мектептен соң Алматыдағы оқу орындарының біріндегі ұлттық спорт түрі мамандығы бойынша оқуға түспек ниетте екенін айтады.
"Қазақтың ұлттық дәстүрін дамытайық. Бұл – біздің тарихымыз. Жылқыға деген махаббат біздің қанымызда бар. Қазақта қаншама батыр қыздар ат құлағында ойнаған. Сол себепті, біз де бұл саланы дамыта түсейік. Маған көп адам таңғалып жатады, менің ат үстінде садақ ататын өнеріме тамсанатындар көп. Мен бұл спортта әлі де машығымды арттырамын. Мақсатым көп", – деп сөзін қорытындылады Дария Болат.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007543-asau-uiretip-baige-algan-17-zastagy-atyraulyq-atbegi-qyz-turaly-ne-bilemiz-foto/