Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылықтар шақырымға созылған кептелістерге шағымдануда (видео)

Опубликовано:

"Алтын орда" базары маңындағы эстакада құрылысы
Кептеліс. Фото: Almaty телеарнасы

Алматы іргесіндегі "Алтын Орда" базары аумағындағы эстакада құрылысының сағызша созылуынан болып жүргізушілер ұзын-сонар кептелістен көз ашар емес. Мұнда күн сайын 20-ға дейін жол апаты тіркеледі. Алматы-Бішкек республикалық тас жолының мәселесі қашан шешілетінін Almaty телеарнасы анықтады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Телеарнаның хабарлауынша, көлік жүргізушілері 4 жолақты жолдың құрылыс кесірінен тарылып қалғанын айтып, шағымданған.

"Көпір құрылысы біткен жоқ. Баяғыда бітетін жұмыс ұзаққа созылып кетті. Кептеліс салдарынан жол-көлік оқиғасы жиі болады. Ерте шыққанның өзінде жұмысқа кешігіп барамыз", – дейді облыс тұрғыны Олжас Дайырман.

Сағаттап кептелісте тұрып, сабыры сарқылған жүргізушілер мәселе көпір құрылысында дейді. Себебі, жол ортасына дейін қойылған бағаналардың тұрғанына ұзақ уақыт болған көрінеді.

"Асыл арман" тұрғын үй кешенінде тұрамын. Күнде осында келіп, істеген жұмыстарына қараймын. Арматура тоқудың ешқандай қиындығы жоқ, оған технология керек емес. Жұмысты тым ұзаққа созып жіберді", – дейді қала тұрғыны Аят Малғажын.

Жол патрульдік полициясының қызметкерлері Алматы-Бішкек тас жолындағы "Асыл Арман" тұрғын үй кешені мен "Алтын Орда" базары арасындағы көлік қозғалысын реттеу оңай емес" дейді. Олардың айтуынша, ережені сақтамайтын жүргізушілердің кесірінен көліктер жиі соқтығысып қалады екен.

"Бұл жерде полицияның көмегі ешқандай рөл ойнамайды. Мына жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Көпір салынып жатыр, көлік төрт жолақпен келеді де қысылады. Себебі, бергі жағында тек екі жолақпен жүре алады. Кептеліс, күніне 10-нан артық жол-көлік оқиғасы тіркеледі", – дейді полиция департаменті патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы Арнұр Тұрдақынов.

Ал аталған 160 метрлік эстакада құрылысына 77 адам жұмылдырылды деген жауапты компания қызметкерлердің екі ауыссыммен жұмыс істеп жатқанын айтты. Алайда ауа-райына байланысты қиындық туындағанын жасырмады.

"Иә, кептеліс болады. Бетон жасағанда тек екі жолақты ашық қалдырғанбыз. Қазір жұмыс бітті ғой, енді кептеліс болмайды. 2023 жылы қыркүйек айында жұмысты аяқтаймыз", – дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаров.

Жолды түгел ашуға әзірге мүмкіндік жоқ. Темір тіреуіштер шетінен алынып тасталып жатыр. Енді құрылыс толық аяқталғанша теміртұлпар тізгіндегендер тек екі жолақпен өтуге мәжбүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008029-almatylyqtar-saqyrymga-sozylgan-keptelisterge-sagymdanuda-video/

pixel