Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сенгім келмейді": Бағдат Мусин Түркиядағы жер сілкінісінде қаза тапқан қазақстандық туралы естелігін бөлісті

Опубликовано:

Бағдат Мусин мен Мирус Құрмашев
Бағдат Мусин мен Мирус Құрмашев. Фото: instagram.com/bagdatmussin

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Instagram-дағы парақшасында Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қаза тапқан қазақстандық Мирус Құрмашевқа жазба арнады.

Бағдат Мусин өз жазбасында марқұм Мирус Құрмашевпен бір курста оқығанын айтады.

"Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді…Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус бауырымыздан айырылып қалдық…

Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте шығармашыл, адамдарды ұйымдастыра алатын қабілеті бар, дінге берік адам еді. Ауқымды дүниелері жасағысы келіп тұратын. Мағжан Astana HUB-ты құру бойынша алғашқы қадамдарын жасаған кезде Мирус тегін, ешқандай келісімсіз көп көмек көрсетті. Қолынан келгенін жасап, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесін қосты", - дейді Бағдат Мусин.

Министрдің сөзінше, Мирус Құрмашев бастапқыда бизнес идеяларын Қазақстанда жүзеге асырмақ болған.

"Қазақстанда оның бірнеше бизнес бастамалары болған, 2020 жылы мемлекетпен бірге бір-екі жобаны іске асырғысы келді. Бірақ мемлекет басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты. Ол маған арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмас үшін идеяларын шетелде жүзеге асыратынын айтты", - дейді Бағдат Мусин.

Оның сөзінше, Мирус - жиһанкез, біраз елді көрген, бірақ соңғы екі жыл Түркияда тұрып жатқан.

"Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы қазақстандық IT-мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Стамбұлдың бірнеше ірі IT-компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды. Біз оған Astana HUB-тың өкілі болуды ұсындық, өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді", - деп еске алады курстасын министр.

Ол сондай-ақ студенттік кезден де біраз жақсы естеліктер қалғанын жеткізді.

"Иманды болсын! Жаның жәннаттан орын тапсын, бауырым", - деп жазбасын аяқтады Бағдат Мусин.

Еске сала кетейік, бүгін түнде Түркияның Хатай қаласында үй қирандыларының астынан қазақстандық Мирус Құрмашевтың денесі табылғаны белгілі болды. Ал 9 ақпанда сол жерден жер сілкінісінен кейін жоғалып кеткен тағы бір қазақстандық - Әділ Қадырбековтің денесі табылған еді.

Бұған дейін Әділ мен Мирустың әріптес екені, олардың Astana Hub технопаркінің халықаралық агенттері екені айтылған болатын.

Айта кетейік, олармен бірге жер сілкінісінен кейін жоғалып кеткен Сабина Мамадьярова есімді қазақстандық ару аман-есен табылып, ауруханаға жатқызылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008855-sengim-kelmeidi-bagdat-musin-turkiyadagy-zer-silkinisinde-qaza-tapqan-qazaqstandyq-turaly-esteligin-bolisti/

pixel