Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияда жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен екінші қазақстандықтың денесі табылды

Опубликовано:

Жер сілкінісі болған Хатай қаласы
Жер сілкінісі болған Хатай қаласындағы құтқару-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Фото: Burak Kara/Getty Images

Түркияның Хатай провинциясындағы толығымен қираған ғимараттан қазақстандық құтқарушылардың күшімен екінші қазақстандықтың денесі табылып, шығарылды. Бұл туралы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Құтқарушылар марқұмның денесін үйінді астынан алып шыққан.

"Құтқарушылар іздестіру барысында алдын ала белгіленген іздестіру орнына жақындау үшін барынша жедел түрде арнайы ойық жасады.

Олар кішкентай бос орындар арқылы ойықтың ішіне кірді. Бұл ретте құтқарушылар құрылымдық элементтердің қайта құлауын болдырмау үшін тосқауылдарда аз саңылаулар жасауға тырысты, үйіндідегі қауіпті учаскелерді бекітті, үйінді бөлшектерін көтеріп, жылжытты", - делінген ТЖМ хабарламасында.

Еске сала кетейік, Түркияның оңтүстік-шығысында 6 ақпанда болған жойқын жер сілкінісінен кейін Хатай провинциясында Қазақстанның үш азаматы мен олардың түрік досы жоғалып кеткен болатын.

8 ақпанда жоғалғандардың бірі - Сабина Мамадьярова ғимарат үйінділерінің астынан аман-есен табылды, ол ауруханаға жатқызылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалған азаматтарды іздестіру туралы Төтенше жағдайлар министрлігіне тапсырма берді. Кеше, 9 ақпанда құтқарушылар Түркияда жер сілкінісінен кейін жоғалып кеткен Әділ Қадырбековтың денесін тапты.

Сондай-ақ онымен бірге Түркия азаматы Құбылай Кескиннің де денесі табылғаны белгілі болды.

8 ақпанда іздестіру жұмыстары кезінде Құбылай Кескиннің аман-есен табылғаны хабарланған еді. СІМ өкілі Айбек Смадияровың айтуынша, алайда табылған азаматтың Құбылай Кескин екенін туыстары растамаған.

Айта кетсек, соңғы мәліметтер бойынша Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 20 мыңнан асқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008818-turkiyada-zer-silkinisinen-keiin-zogalyp-ketken-ekinsi-qazaqstandyqtyn-denesi-tabyldy/

pixel