Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркиядағы зілзала кезінде қаза тапқан Мирболат Құрмашевты жақындары мен достары ақтық сапарға шығарып салды

Опубликовано:

Мирболат Құрмашев
Мирболат Құрмашев. Фото: instagram.com/bagdatmussin

Түркияда зілзала кезінде қаза болған Мирболат Құрмашевті Алматыда туған-туыстары мен достары ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мирболат Құрмашевтің жаназасы Алматыдағы "Райымбек батыр" мешітінде оқылған. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға туған-туыстары, оны танитын, бірге оқып, қызмет еткен достары, әріптестері келген.

Мирболаттың туған інісі Алмат Құрмашевтің айтуынша, оның артында жұбайы мен екі баласы қалған.

"Біз отбасында екеуміз. Мирболат 2020 жылы жұмыс бабымен Түркияға кеткен еді. Онда өзінің жобалары, стартаптары болды. Ол соңғы уақытта кәсіпкерлікпен айналысты. Алдағы мақсаты өз жобаларын ұлғайту еді. Оның артында екі баласы мен әйелі қалды.

Ағам Түркияда із-түзсіз жоғалғанын білген кезде, достарымды жинап, Түркияға барамыз деп шештік. Ол жаққа барып қайғылы жағдайға куә болдық. Үйлердің бәрі қираған. Олардың астынан біреуді алып шықпақ тұрмақ, біреуді іздеп табудың өзі қиын. Жаратқанның көмегімен біз оның денесін тауып, үйінді астынан шығардық", - дейді Алмат.

Мирболатты ақтық сапарға шығарып салушылар арасында оның курстас-досы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де болған.

Министрдің сөзінше, Мирболаттай адамдар өмірде аз кездеседі.

"Біз кейде оның идея, ойларын түсінбейтінбіз. Ол ойына келген идеясы немен аяқталатынын жақсы біліп тұратын. Біз оның идеясының іске асуына тек қолдау көрсететінбіз. Шын айтқанда, оның өмірден өтуі біз үшін, Қазақстан үшін үлкен қайғы болды.

Ол тек өз елінің патриоты болған жоқ. Ол еліміздегі көп нәрсені жақсы жаққа өзгерткісі келді. Мысалы, Astana Hub халықаралық ірі технопаркты құру идеясы алғаш пайда болған кезден бастап, ол бұл істің басы-қасында жүрді, оның дамуына үлкен ықпал етті. Оның ары қарай дамуы үшін өз ойларын айтатын.

Сондай-ақ оның Digital Agent қосымшасы туралы идеясы да елімізде электрондық үкіметтің дамуына ықпал етті, халықпен кері байланыс орнатуға үлкен көмегін тигізді. Жаңа халыққа қызмет көрсету орталықтарының концепциясын әзірледі. Маған да көмегін көрсетті. Жаңа ХҚКО-лардың дизайн-кодтарын жасап шықты", - деп еске алды Бағдат Мусин.

Тағы бір курстасы Арман Ахмеджановтың айтуынша, достары Мирболатты Мирус деп атайды. Себебі өзі солай атағанды қалаған екен.

"Мінезі жұмсақ еді. Адамдармен ортақ тіл тауып, оларды басқара алатын. Адамдарға үнемі шабыт беретін. Оның ізінен ерген шәкірті көп болды. Олармен өзінің тәжірибесін, білімін, бизнес жобаларын бөлісетін, курстар өткізетін. Оның аман-есен табыларына соңына дейін үмітімді үзген жоқпын", - дейді ол.

Марқұмның сыныптасы Әлімжан Игембаев Мирболат өз ұлтын қатты жақсы көргенін айтады.

"Қазағым десе тік тұрып қызмет етуге дайын еді. Бірақ тағдырдың жазуы осылай болды. Кейінгі қызметінде де көрдік, үлкен жетістіктерге жетті, үлкен компаниялар құрды. Жақсылығы өте көп болды. Бізге, яғни, сыныптастары, достарына оның көп көмегі тиді. Қазір қимастықпен келіп тұрмыз. Тағдыр ғой. Қайғырып ата-анасына, отбасына көңіл айтамыз", - дейдіӘлімжан Игембаев.

Еске сала кетсек, Түркиядағы жойқын жер сілкінісі салдарынан Мирболат Құрмашевпен бірге еліміздің тағы бір азаматы Әділ Қадырбеков көз жұмды. Олар Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болған.

Марқұмдардың денесі 11 ақпанда Түркияның Антакья қаласынан елге жеткізілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009064-turkiyadagy-zilzala-kezinde-qaza-tapqan-mirbolat-qurmasevty-zaqyndary-men-dostary-aqtyq-saparga-sygaryp-saldy/

pixel