Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда салымшылардан 6 млрд теңгеден астам ақша алған қаржы пирамидасының басшылары сотталды

Жарияланған күні:

Ақша
20 мыңдық және 2 мыңдық купюралар. Фото: Владимир Третьяков/NUR.KZ

Алматы қаласы Бостандық аудандық соты QI Trade Kazakhstan қаржы пирамидасын ұйымдастырған 15 адамды кінәлі деп тапты. Олар 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Бас прокуратураның ресми Telegram-арнасы.

Ведомствоның хабарлауынша, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметі "QI Trade Kazakhstan" (Qarat Invest) қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істі тергеп-тексерген.

Олардың бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан, сондай-ақ өңірлерде 12 филиалы жұмыс істеген.

Бас прокуратура қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар "AMAZON (АҚШ) бүкіләлемдік алаңында сауда жасайсыз" деп азаматтардың сеніміне кіргендігін анықтаған.

"Сондықтан жәбірленуші азаматтар пайыз түрінде одан әрі кіріс алу үшін ақша салған. Салымшыларға салым сомасына байланысты жылдық 96 пайызға дейін пайда аласың уәде етілген", – дейді құқық қорғау өкілдері.

Компанияның уәдесіне сенген 1345 азаматқа 6 млрд теңгеден астам шығын келген.

"Азаматтарды алдау схемасын жасағандардың, сондай-ақ компанияның бас кеңсесі және филиалдары басшыларының кінәсін прокуратура дәлелдей алды.

Нәтижесінде Бостандық аудандық сотының үкімімен 15 адам бас бостандығынан айырудың нақты мерзімдеріне жаза (6 жылдан 7 жылға дейін) тағайындаумен кінәлі деп танылды", – делінген хабарламада.

Осы орайда Бас прокуратура азаматтарды қырағы болуға, күмәнді ұйымдарға ақша салудан бас тартуға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009129-almatyda-salymsylardan-6-mlrd-tengeden-astam-aqsa-algan-qarzy-piramidasynyn-bassylary-sottaldy/