Түркияда көмек көрсетіп жатқан қазақстандық құтқарушының төртінші баласы дүниеге келді
Жарияланған күні:
Түркияда жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысып жатқан елордалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Олжас Рахметовтың төртінші баласы дүниеге келді. Бұл туралы ТЖМ ресми сайтында хабарлады.
Астана қалалық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сәбиге Аделя деген есім берілген.
Олжас Рахметов 1994 жылы Астана қаласында дүниеге келген.
"Олжас елордалық Төтенше жағдайлар департаментінде 2022 жылдан бастап өзін кәсіби маман ретінде көрсете білді. Жұмыстағы жоғары көрсеткіштері мен үлгілі қызметі үшін бірнеше рет ведомстволық марапатқа ие болған. Құтқарушымызды сәбиінің өмірге келуімен шын жүректен құттықтай отырып, анасы мен қызына зор денсаулық, ал Олжасқа елімізге, отбасына аман-есен оралуын тілейміз!", - делінген ТЖД хабарламасында.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің зардаптарын жоюға қатысып жатқан ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Біржан Байқұловтың қызы дүниеге келген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009605-turkiyada-komek-korsetip-zatqan-qazaqstandyq-qutqarusynyn-tortinsi-balasy-duniege-keldi/