ҰҚК төрағасының орынбасары Челах ісі бойынша: Оның не айтқысы келетінін білмеймін
Жарияланған күні:
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов сенат кулуарында Владислав Челахқа қатысты іс бойынша пікір білдірді. Айтуынша, істің мән-жайы толықтай қаралған және жазасын өтеуші тағы не айтқысы келгенінен бейхабар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Владислав Челахқа қатысты сауалды журналистер қойды. БАҚ өкілдері Челахтың "Арқанкерген" шекара бекетінде болған оқиға туралы шындықты айтуға дайын екені туралы мәлімдемесін еске салды.
"Менің ойымша, бұл жерде бірдеңе деп пікір білдірудің өзі артық. Қылмыстық іс оқиға болған жылы жүргізілді, менің ойымша, онда бәрі толығымен анықталды.
Мен оның не айтқысы келетінін білмеймін. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу толық көлемде жүргізілді, бұл нәтижелер бойынша қорытынды жасалды. Ал егер арыз-шағымдар болса, іс барысында қарастырайық, өйткені Қазір ол не туралы айтқысы келгенін нақты білмеймінқазір мен оның не айтқысы келгенін білмеймін", - дейді Ерлан Алдажұманов.
Сонымен қатар Шекара қызметінің ресми ұстанымы тергеу ұстанымы мен сот шешіміне сәйкес келеді ме деген журналистердің сауалына ол "дәл солай" деп қысқаша жауап берді.
Сондай-ақ Алдажұмановтың айтуынша, "Арқанкерген" бақылау-өткізу бекеті тек жаз кезінде тауда соқпақ жол пайда болған кезде, мемлекеттік шекараны бұзу қаупі туғанда қойылатынын айтты.
"Жазғы кезеңде, қажетіне қарай, жедел ақпарат түскен кезде қойылады", - дейді Алдажұманов.
Қаңтар айының соңында "Арқанкерген" бекетінде 15 адамды өлтіргені үшін сотталған Владислав Челах прокуратураға арыз түсіргені белгілі болды. Кейінірек Бас прокуратура оны қарастырып жатқанын хабарлады. Қадағалау органы оның ісін соттан қайта талап етті.
Еске салайық, Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан "Арқанкерген" бекетіндегі қайғылы оқиға 2012 жылы 28 мамырда болған еді. Онда 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапқан болатын.
Бекеттен ешкім байланысқа шықпаған соң, ол жерге басқа заставадан шекара отряды жіберілді. Келген шекарашылар казарманың ғимараты өртеніп кеткенін, оның ішінде 14 өлген адамның денесі жатқанын анықтаған. Сондай-ақ сол жерге жақын маңдағы аңшылар үйінен қорықшының денесі табылды.
Кейін оқиғадан тірі қалған жалғыз адам – қатардағы жауынгер Владислав Челах ұсталды. Алғашында ол қатарластары мен қорықшыны өлтіргенін мойындағанымен, кейін өз сөзінен бас тартып, оны өзіне қысым жасалғандықтан айтқанын мәлімдеді.
Нәтижесінде тергеу 19 жастағы жігітті 15 адамды өліміне кінәлі деп тауып, казарма мен мәйіттерді өртеп жіберді деген қорытындыға келген. Челах жазасын Жітіқардағы "Қара бүркіт" колониясында өтеп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009661-uqk-toragasynyn-orynbasary-celax-isi-boiynsa-onyn-ne-aitqysy-keletinin-bilmeimin/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.