Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз орын тоңазытқыштың маңы екені рас па
Жарияланған күні:
Қазнеттің мессенджерлері мен әлеуметтік желілерінде зілзаладан қалай қорғану керектігі туралы хабарлама тарады. Онда жер асты дүмпуі кезінде тоңазытқыштың айналасы аман қалу үшін ең қауіпсіз жер екені айтылған. Дәлел ретінде жер сілкінісінен аман қалған тоңазытқыштардың бірнеше фотосуреті көрсетілген. Кеңестің шындық немесе өтірік екендігін factcheck.kz сайты анықтап көрді.
Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз орын тоңазытқыш маңы деген ақпаратты өтірік деп таныған factcheck.kz сайты, оған бірқатар мысал келтірді.
Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында, шетелдік органдардың сайттарында да жер сілкінісі кезінде тоңазытқыштың маңына жасырыну туралы ұсыныс жоқ. Керісінше, жер сілкінгенде тоңазытқыш және кез келген ауыр, бос жиһаздың жанында тұру қауіпті екендігі айтылған. Ауыр зат аударылып, адамды басып қалуы мүмкін.
Сонымен қатар тоңазытқыш, бұл - электроника. Егер адам оны токтан ажыратып үлгермесе, қосымша қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайлар министрлігі мүмкіндігінше газ, су, электр қуатын өшіруді ұсынады.
Тоңазытқыштардың суреттеріне келетін болсақ, олардың қаншасының жер сілкінісінен қирағаны , тіпті тоңазытқыш салдарынан қанша адам қаза тапқаны белгісіз. Қирамаған тоңазытқыштардың фотосуреттері қатты жер сілкінісі кезінде қауіпсіз орын екендігіне дәлел бола алмайды.
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі кезінде өлімге әкелетін бірнеше себепті анықтады:
• ғимараттың жекелеген бөліктерінің қирауы;
• сынған әйнектің құлауы;
• үзілген электр сымдары;
• пәтердегі ауыр заттардың құлауы;
• өрттер;
• адамдардың үрейге берілуі.
Жер сілкінісі кезінде ғимаратта қалып қойған жағдайда не істеу керек
АҚШ-тағы ауруларды алдын алу және бақылау орталығы тізерлеп төмен отыруды ұсынады. Бұл адамды құлаудан қорғап, еденмен сырғанауға көмектеседі. Сондай-ақ мамандар қатты үстелдің астына жасырынуға, ал жақын жерде үстел болмаса, үйдегі көтергіш қабырғаның немесе құлап кетпейтін аласа жиһаздың маңында қалуға кеңес береді.
Зілзала кезінде ешқайда жүгірмеу керек. Егер сіз тұрған жерде қалсаңыз, аман қалу ықтималдығы жоғары болады. АҚШ-тағы ауруларды алдын алу және бақылау орталығы есік ойығының қасында тұруға кеңес бермейді.
Жер сілкінісімен байланысты жарақаттар мен өлім-жітім, көбінесе теледидар, шам, әйнек немесе кітап шкафтары сияқты заттардың құлауынан болады. Үйінді астында қалып қойған жағдайда адам жылу батареяларын ұру арқылы белгі берсе құтқарушылар оны естіп, көмекке келуі мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009861-zer-silkinisi-kezinde-en-qauipsiz-oryn-tonazytqystyn-many-ekeni-ras-pa/