"Адам шығыны көп жерге алғаш бардым": Түркиядағы апатта ерлік танытқан құтқарушылар не деді
Жарияланған күні:
Түркиядағы қазақстандық құтқарушылар елге оралды. Жеке құрамның бірінші тобы Алматыға жеткізілсе, екінші лек бүгін түнде Астанаға ұшып келді. Оларды күтіп алғандар қатарында туған-туыстары да бар, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Түркияда 12 күн болған құтқарушы Біржан Байқұловтың әпкесі де оны асыға күткенін айтады.
"Түркияға барып, елге көмек жасап келе жатыр. Соны үлкен қуанышпен күтіп, бала-шағамызбен күтіп отырмыз. Жүрегіміз ұшып кетейін деп тұр, шыны керек. "Кеттім" дегенде бәріміз қосылып, жыладық. Жер сілкінісі деген өте қиын нәрсе ғой, өте қорқынышты нәрсе. Дүниежүзіне жақсылық тілеймін, тыныштық болсын", - деді Гүлнұр Дүйсебаева.
Апат аймақтарында жүзден астам құтқарушы жұмыс істеді. Жедел топтың құрамына Астана, Алматы қалаларының, Қарағанды және Ақмола облыстарының мамандары, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар.
"Ауқымды апат аймағында бірінші рет іздеу-құтқару жұмыстарын жүргіздім. Бұған дейін қираған үйлерде, құбырларда жұмыс жүргізгем. Тәжірибем бар. Бірақ адам шығыны көп аймақтарда алғаш рет жұмыс істедім", - дейді құтқарушы Жанат Шаймерденов.
Құтқарушылар иттердің де көмегі зор болғанын жеткізді.
"Газиантеп қаласынан участок берді. Сосын өзіміздің үлкен объект болды. Ол объект – толығымен құлап қалған үй. Қосынды, 7 қабатты үй. Таудай болып үйіндінің астында адамдар қалған. Бұл жерге иттің көмегі керек болды. Бір точкада ит өзінің мінез-құлқымен иіскеп, қаза бастады. Содан кейін менің итім жүрген жердена адам шығарылғанын естідім", - дейді құтқарушы-кинолог Ерік Берлібеков.
Қазақстандық құтқарушылар Түркияның үш провинциясында - Нұрдағы, Газиантеп және Хатай қалаларында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Үйінді астынан 7 азаматты құтқарды, 88 мәйітті алып шықты. Оның ішінде он бала бар.
Сондай-ақ 200-ге жуық адамға медициналық және психологиялық көмек көрсеткен. Түрік бауырлардың алғысы шексіз. Енді бұл азаматтар президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік марапатқа ие болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010152-adam-sygyny-kop-zerge-algas-bardym-turkiyadagy-apatta-erlik-tanytqan-qutqarusylar-ne-dedi/