"Бес ұлдың әкесі": Ақтөбе қаласының жаңа әкімі Мұрат Жөребеков отбасы туралы айтты
Жарияланған күні:
Жыл басында жаңадан тағайындалған Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков - бес баланың әкесі. Әкім қалалық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесуден соң KAZ.NUR.KZ тілшісінің отбасы, бала тәрбиесі туралы сауалдарына жауап берді.
Қала әкімінің бес ұлы бар, өзінің айтуынша, мектеп жасындағы балалары мемлекеттік мектепте білім алады.
"Бес баламның төртеуі мектеп жасында. Бәрі де Астана қаласындағы мемлекеттік мектептерге барады. Кішкентайым 2,5 жаста. Тұңғышым 10 сыныпта оқиды. Ол музыкаға жақын. Электронды музыка жазады. Туындыларын халықаралық деңгейге шығарсам деп талаптанып жүр. Одан кейінгі үшеуі 5, 3 және 1-сыныптарда. Физика-математика пәндерін тереңдетіп оқып жүр", - дейді Мұрат Жөребеков.
Қала әкімінің сөзінше, бес ұл сыйлаған жары бала тәрбиесімен үйде отыр екен.
"Бұрынғы қызмет еткен саламда бірге жұмыс істедік, әріптес болдық. Соңғы 16 жылда декреттік демалыста отыр", - дейді ол.
Қала тұрғындары кездесуде бөбектерін көпбалалы әкіммен суретке түсіру үшін кезекке тұрған.
Әкім өзімен суретке түскен кішкентай қызды қолына алып, өзіне де жұғысты болуын тілеген.
Айта кетейік, осыған дейін энергетика министрінің орынбасары болған Мұрат Жөребеков Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ықпалды 10 адамның бірі. Ол 2017 жылы "PSA" компаниясында еңбек етіп жүріп, мемлекетке ірі көлемде пайда әкелген келіссөздерді жасай алды. Кейін вице-министр лауазымында оның оң нәтижемен аяқталуына қол жеткізген.
"Ол Энергетика министрлігінде атқарылған жұмыс. Кезінде Қарашығанақ мұнай-газ кен орнынан мемлекет бюджетіне түсетін қаржыны есептедік. Өнімнің бөлінуіне талдама жүргізілді. Әдістеме формуласын қарағанда сәйкессіздік анықталды. Кейін ол зерттеліп, халықаралық сотқа талап арыз түсірдік. Сонымен бірге инвесторлармен келіссөз жүрді. Нәтижесінде мемлекет бюджетіне 1,3 млдр доллар аударылды. Әрі қарай келісімшартқа өзгерістер енгіздік. Осы негізде 2037 жылға дейін қосымша 600 млн доллар алатын боламыз. Жұмыс тобында барлық құзыретті министрліктердің өкілдері болды", - дейді ол.
Ақтөбеде туып-өскен жаңа әкім қазір қарашаңырақта тұрып жатқанын айтады.
"Қазір қалада әкеммен бірге тұрамын. Әкем 76 жаста. Ол байланыс саласында қызмет етіп, зейнет демалысына шықты. Анам ұзақ уақыт мұғалім болды. № 21 мектепте химия пәнінен сабақ берді. 2017 жылы қайтыс болды. Өзім осындағы №25 мектепті бітірдім. Осы жерде өстім. Жүрегіме жылы естеліктер көп. "Әкім боламын" деп армандаған емеспін. Өз саламда адал еңбек етуге тырысамын. Алда жұмыс көп. Ұсыныс, идеялар бар. Жақын күнде облыс әкімінің алдында қаланың дамуы туралы ұсыныстарымды талқылайтын боламыз", - дейді Мұрат Жөребеков.
Айта кетейік, Мұрат Жөребеков қаңтар айынан бастап Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне тағайындалған.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010538-bes-uldyn-akesi-aqtobe-qalasynyn-zana-akimi-murat-zorebekov-otbasy-turaly-aitty/