Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияға көмекке барған қазақстандық құтқарушы қирандыдан бір қорап алтын мен гауһар тауып алған

Опубликовано:

Думан Камзин түрік жандармымен бірге
Думан Камзин және түркиялық жандарм. Фото: Думан Камзиннің жеке мұрағатынан

Түркияның зілзала ошағына көмекке барып қайтқан қазақстандық құтқарушы Думан Камзин қиранды астынан қорапқа салынған жарты келі алтын мен гауһардан жасалған бұйымдар тапқан. Жер сілкінісінің ошағынан оралған құтқарушы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында өмірге деген көзқарасы қалай өзгергенін айтты.

"Көп нәрсені көрдік. Құтқарушы болғандықтан адамның мәйітін көру біз үшін үйреншікті нәрсе. Ал ең ауыр тигені - түрлі адам тағдырының куәсі болып келдік. Бір отбасынан бір адам ғана тірі қалған жағдайлар болды, үйіндінің қасында жылап отырған жандарды көрдік. Ал жұмыс бойынша қиындық - біз ресми түрде сегіз сағат жұмыс істеуіміз керек болса, ол жақта негізінде 3-4 сағат қана ұйықтадық. Тәулігіне 16 сағаттан артық жұмыс істедік. Күндізгі, түнгі ауысым болды, соңында күн мен түніміз ауысып, шатасып кеттік. Жұмыс қауіпті болды, бетон плиталардың, үйінділердің арасында жүрдік", - дейді ол.

Думанның сөзінше, құтқарушылар үшін әлемдік масштабтағы төтенше жағдайға қатысу кәсіби мансаптағы ең жоғарғы деңгей. Ол Түркияға аттанар алдында басқа ойда болғанын, ал барып келген соң өмірге көзқарасы мүлде өзгергенін айтады.

"Мен қанша жылдан бері құтқарушы болып қызмет етіп келем. Мен үшін әлемдік деңгейдегі төтенше жағдайда жұмыс істеу мәртебе. Алайда оған қатысу - бір мақтанатын, кеуде соғатын дүние емес. Ол дүниежүзін дүр сілкіндірген төтенше оқиға. Бірақ құтқарушылардың қызмет жолындағы ең жоғарғы мақсат десем болады.

Мен Түркияға өзімнің бойымдағы бар қабілет-қарымымды көрсетемін деп құлшынып бардым. Ал оқиға ошағында болған кезде ойым мүлде өзгерді. Ол жақта ақша, биліктің еш мәні жоқ екенін түсіндім. Сол сәтте саған көп ақша, билік берсе де оның еш құны болмайды екен.

Мен ол жерден бір қорапқа салынған жарты килограммға жуық алтын, гауһардан жасалған зергерлік бұйымдарды да тапқам. Бірақ оны өзіме алып қалу туралы ойламадым. Бәрін түрік жандармдарының қолына ұстаттым", - дейді ол.

Бұған дейін Думан Камзин қиранды астынан кездейсоқ мылқау адамды тауып алғанын, оны қалай құтқарғанын айтып берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010509-turkiyaga-komekke-bargan-qazaqstandyq-qutqarusy-qirandydan-bir-qorap-altyn-men-gauhar-tauyp-algan/

pixel