Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-дағы тікұшақ апаты: ТЖМ оқиғаның жай-жапсарын баяндады

Жарияланған күні:

БҚО-да апат болған тікұшақтан зардап шеккен адамды құтқару сәті
БҚО-да апат болған тікұшақтан зардап шеккен адамды құтқару сәті. Фото: t.me/qr_tjm

ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов ведомство брифингінде 4 адам қаза тапқан БҚО-дағы тікұшақ апатынын қалай болғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

ТЖМ атынан көз жұмғандардың отбасы мен жақындарына көңіл айтқан Руслан Иманқұлов оқиғаның жай-жапсарына тоқталды.

Оның сөзінше, тікұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат 23 ақпанда сағат 15:48-те келіп түскен.

Хабарламада Орал қаласынан 54 шақырым жерде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино ауылының маңындағы ашық аумаққа ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ-ның Ми-8 тікұшағы апатты жағдайда қонғаны айтылған.

Тікұшақ "Атырау-Орал-Атырау" бағыты бойынша ұшып шыққан. 23 ақпан күні сағат 10:40-та "Қазтрансойл" АҚ өтініші бойынша "Өзен-Атырау-Самара" магистралдық мұнай құбырын шолып, қарап шығу үшін Атыраудан ұшып шыққан.

Бортта 6 адам – экипаждың 5 мүшесі мен "ҚазТрансОйл" АҚ-ның 1 өкілі болған.

Руслан Иманқұловтың айтуынша, тікұшақтың апатты жағдайда қонғаны туралы хабарламадан кейін оқиға орнына БҚО ТЖД басшысының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Рашид Біләлов бастаған 23 құтқарушы және 8 техника, сонымен бірге Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының 15 дәрігерінен тұратын топ барған.

Олармен бірге полицейлер де жеткен. Оқиға орнында жедел-штаб құрылып, жедел желі ашылған. Сағат 19:07-де ТЖ орнынан ТЖД күштері 4 адамның денесін тапқан. Олар: әуе кемесінің командирі Дәулетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, борт-механик Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев.

ТЖМ өкілінің сөзінше, зардап шеккен борттағы тағы екі адам - "Қазавиақұтқару" инженері Сергей Щеглов пен "ҚазТрансОйл" АҚ желілік құбыр жүргізуші қызметкері Ерғалиев С.С. Орал қаласының көпбейінді ауруханасы жатқызылған.

"Қазавиақұтқару" АҚ-ның бас директоры оқиға орнына бірден ұшып кетті. Бүгін онда тікұшақты жасаған зауыттың өкілдері де барады. Аталған факті бойынша тергеуді ІІМ-нің Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мен ИИДМ-ның көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру жөніндегі департамент қызметкерлері жүргізетін болады", - деп Руслан қосты Иманқұлов.

Сондай-ақ ол экипаж құрамында болған азаматтардың барлығы жоғары білікті, жұмыс тәжірибесі мол, ұшақта ұшқан сағаттары да көп мамандар екенін атап өтті.

Одан бөлек ТЖМ өкілі тікұшаққа қатысты да қандай бір шағымдар тіркелмегенін айта кетті.

"Ми-8 тікұшағы 2021 жылы шығарылған. Осы уақытқа дейін жалпы 250 сағат ұшқан. Мерзімді техникалық қызмет көрсетуден 2023 жылдың 17 қаңтарында өткен. Тікұшақты алғашқы күрделі жөндеуден өткізу 2030 жылға жоспарланған болатын. Тікұшақ пайдалануға берілгелі әуе кемесінің ұшу жарамдылығына әсер ететін қандай да бір ақаулар, бұзылулар, ескертпелер тіркелген жоқ", - дейді Руслан Иманқұлов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010723-bqo-dagy-tikusaq-apaty-tzm-oqiganyn-zai-zapsaryn-bayandady/