Ақтөбеде сабақта оқушыға ескерту жасаған мұғалім ауруханаға жүгінуге мәжбүр болды
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласында сабақта телефон қолданған оқушыға ескерту жасаған мұғалім денсаулығына байланысты ауруханаға жүгінуге мәжбүр болған. Қаладағы мектептердің бірінде болған бұл оқиға әлеуметтік желіде тарап кеткен деп, хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға болған сәтте түсірілген видео Instagram желісінде жария болды. Бұл көріністі оқушылар видеоға жазып алған.
Бейнежазба сипаттамасында Ақтөбе қаласындағы мектептердің бірінде оқушы мен мұғалім арасында түсініспеушілік туындағаны айтылады.
"Оқушы мұғалімнің ашуына тиген, мұғалім дауыс көтеріп, ұрыса бастағанда ол оған өте дөрекі сөз айтқан. Оған шыдамаған мұғалім оқушыға қол көтерген. Әрине, дәл сол сәтті оқушылар видеоға түсірген. Содан жанжал басталған. Басқа оқушылар шындықты айтудан қорқып, үндемеген. Ал мұғалімнің зейнетке шығуына бір жыл ғана қалған. Оған жұмыстан шығатынын айтқан, содан мұғалім жүрегі ауырып, қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түскен", - делінген желідегі жазбада.
Мұндай оқиғаның болғанын қалалық білім бөлімі растап отыр.
"Бұл оқиғаның Ақтөбе қаласында болғаны рас. Алгебра сабағынан жиынтық бағалау алу кезінде мұғалім мен 10-сынып оқушысының арасында ұялы телефонға байланысты түсініспестік туындады. Мектеп басшылығы тиісті жұмыс жүргізіп, ұстаз бен оқушы бір-бірінен кешірім сұрады", - дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева.
Айтуынша, 21 ақпаннан бастап, математика пәнінің мұғалімі еңбекке жарамсыздығына байланысты демалысқа шыққан. Қазір үй жағдайында ем қабылдауда.
Қалалық білім басқармасы математика мұғалімінің болашақта сабақ беруді жалғастыруын сол сыныптың ата-аналары мен оқушылары сұрап отырғанын атап өтті.
Авторы Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011880-aqtobede-sabaqta-oqusyga-eskertu-zasagan-mugalim-auruxanaga-zuginuge-mazbur-boldy/