Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бірнеше секунд ішінде әрекет еткен": СҚО-да балтамен шабуылдаған жасөспірімді тоқтатқан оқушылар марапатталды

Опубликовано:

Марапатталған оқушылар мен аналары
Марапатталған оқушылар мен аналары. Фото: polisia.kz

Наурыз мейрамы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті қауіпті жағдайда батылдық танытқан екі петропавлдық оқушыны марапаттады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпараттық медиа порталдың жазуынша, Петропавл қаласындағы орта мектептің екі жоғары сынып оқушысы Нұрислам Сандыбай мен Алдиар Нұртаев, сондай-ақ олардың аналары облыстық полиция басшылығының атынан алғыс хатпен марапатталған.

Жасөспірім мен олардың аналары Айсұлу Сандыбаева мен Айман Нұртаеваға алғыс хат пен сыйлықтарды СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев салтанатты түрде табыс еткен.

Еске сала кетсек, 13 ақпанда таңертең Петропавлдағы мектептердің бірінде оқушы өзге балаларға балтамен шабуыл жасап, салдарынан үш бала жарақат алған еді.

СҚО прокуратурасының хабарлауынша, күдікті сол мектептің 9-сынып оқушысы. Құзырлы орган кәмелетке толмаған баланың психиатриялық есепте тұрғанын мәлім етті.

Зардап шеккен балалар ауруханаға жатқызылды. Кейін олардың ауруханадан шыққаны белгілі болды.

Ал полиция мен дәрігерлер келгенге дейін шабуыл жасаған жасөспірімді екі мектеп оқушысы - Нұрислам мен Алдиар тоқтатып, қауіпті жағдайдың алдын алған.

Қанат Айтбаевтың сөзінше, әрбір ересек адам жедел жағдайда қажетті шараларды қабылдай алмайды, алайда Нұрислам мен Алдиар бірнеше секунд ішінде әрекет етіп, өздерін және басқа балаларды қауіп-қатерден қорғап қалған.

Айта кетейік, бұл жасөспірімдердің алғашқы марапаты емес. Бұған дейін оларды батылдығы үшін мектеп басшылығы, сонымен қатар Қорғаныс министрлігі арнайы алғыс хатпен марапаттаған болатын.

Ал мектептегі оқиға бойынша қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Полицияның мәліметінше, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013328-birnese-sekund-isinde-areket-etken-sqo-dagy-mektepte-baltamen-sabuyldagan-zetkinsekti-toqtatqan-oqusylar-marapattaldy/