Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысындағы ауыл тұрғындары бір аптадан бері жарықсыз отыр
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында су тасқынынан кейін төтенше жағдай жарияланған Қобда ауданының Байтақ ауылында бір аптадан бері жарық жоқ. Ал Жарық ауылында электр энергиясы екі күн бұрын сөнген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Аудан тұрғындарының сөзінше, Байтақ ауылында 13 наурыздан бері жарық жоқ. Жарық ауылында электр энергиясы 19 наурыз күні сағат 08:30-да сөндірілген.
Қобда ауданындағы кей ауылдарда құлаған бағаналарды қалпына келтіру қиындық туғызып жатыр.
"Жел күшейіп тұр. Жарық ауылында бригада күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Су көлемі азаймаған соң, жағдайды жақсы деу қиын. Байтаққа жол жоқ. Ол жақтағы құлаған бағаналарды көтеруге техника жүре алмай отыр", - дейді Қобда аудандық электрмен Жабдықтау станциясының басшысы Жұбатқан Жұмамұрат.
Аудан әкімдігі тасқын су ауыл аймағынан толық кетпегендіктен жағдайды қиындатып тұрғанын айтады.
"Үйлер мен аула аумақтары бойынша барлығы 101 үйге су кірді. Үш үй құлады, 17 үй әлі суда тұр. Құлау қаупі бар. Тағы төрт үй ішінара құлады. Бұл сан әлі де өзгеруі мүмкін. Қазіргі уақытта қосымша тұрғын үй салу қажеттілігі анықталып жатыр. Су толық кеппей, нақты санын айту қиын. Су кірген үйлердегі тұрғын саны - 316 адам, оның ішінде 107 бала бар. Мектеп жасындағы 64 бала демалыс лагеріне барады", - дейді Қобда ауданы әкімінің орынбасары Арман Қабылов.
Ақтөбе облысының әкімдігі Қобда ауданындағы су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.
"Комиссия жұмысы аяқталғанға дейін зардап шеккендерді қолдау мақсатында 75 отбасыға бюджеттен тыс қаражат есебінен 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек аударылады. Комиссия барлық ғимарат пен құрылысты зерттегеннен кейін зардап шеккендер залал сомасы туралы сарапшылардың қорытындыларына сәйкес, толық көлемде көмек алады", - дейді Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері.
Еске сала кетейік, 13 наурыздан бастап Қобда ауданының аумағын су басты. Тұрғындар эвакуациялық пунктке орналастырылды. 15 наурызда Қобда ауданы әкімдігінің шешімімен жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013705-su-tasqynynan-zardap-sekken-aqtobe-oblysyndagy-auyl-turgyndary-bir-aptadan-beri-zaryqsyz-otyr/