Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ерекше бұйымдарымен әлемнің 8 елін аралаған ақтөбелік шебер: шетелдіктер жәдігерлерге қызығып қарайды

Опубликовано:

Шебер
Нұрлан Жақыбаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде мал терісінен тұрмыстық бұйымдар әзірлейтін шебердің өнері көпшілікті тәнті етіп жүр. Дәстүрлі бағыттағы қолданбалы қолөнер шеберінің тобылғы сапты қамшысы мен торсықтарына сұраныс көп. KAZ.NUR.KZ тілшісі өнерімен әлемнің сегіз мемлекетін аралап шыққан ұстаның шеберханасында болып қайтты.

Дәстүрлі бағыттағы қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаев ірі қара малдың терісінен түрлі бұйымдар дайындайды. Ол қолөнер бұйымдарының көрмелері аясында АҚШ, Ресей, БАӘ сынды бірқатар елде болып келген.

Шебер мен оқушы
Нұрлан Жақыбаев оқушысымен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ұстаның шеберханасы ұлттық өнерге тұнып тұр. Ол жерден көшпелі қазақ елінің тұрмысында қолданған ыдыс-аяқтың бәрін көруге болады.

ұлттық бұйымдар
Қолөнер бұйымдары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шебердің бұйымдарының арасында теріден жасалған үлкен саба, ешкінің терісінен мес, бие саууға арналған көнек, түйенің мойын терісінен жасалған шыңырау құдықтан су тартуға арналған шелекке дейін бар. Теріден жасалған еңбек құралдары, шаруашылық бұйымдары көздің жауын алады. Былғары қоржын, торсық, кесе қап, жағылан сандық және көшпелі қазақ халқының тұрмысында болған тұскілемдерге дейін теріден жасалған. Сонымен қатар шебердің ұстаханасынан түрлі қамшыларды да көруге болады. Қамшының бәрі тобылғы сапты, жыланбауыр қамшылар.

Шебер мен оқушы
Шеберханадағы сабақ. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ұлттық бұйымдарға сұраныс өте жоғары. Әсіресе қамшы мен торсық дайындап беруді сұрайтындар көп. Сыйлыққа, мерекелік шараларға сұрайды. Баланы қырқынан шығару, бесікке салу, тұсау кесу, мүшел жас секілді мерекелерге арнайылап тапсырыс береді. Сырттан келетін туристерден де сұраныс жоқ емес. Жәдігерлерге қызығып қарайды. Олар ұлттық бұйымдарды бренд ретінде қабылдайды", - дейді Нұрлан Жақыбаев.

Саусағынан бал тамған шебер тері өңдеудегі кей құпиясының шетін ашты.

Шебер
Нұрлан Жақыбаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Біз ауылдық жерде тұрамыз. Тері материалдары бізге қолжетімді шикізат. Барлық өндірістік технология дәстүрімізде қолданылған. Ертеде халық шеберлері жасаған жолмен дайындаймын. Тарихи мұраларды жаңғыртуға, құндылығымызды сақтауға барынша күш салып жүрмін. Бұлар тек әдемілік үшін жасалған бұйымдар емес, бәрін де тұрмыста қолдануға болады. Кезінде көшпелі қазақ елінің қолданысында болған заттар. Теріні табиғи бояулармен бояймыз. Қара ағаштың қабығынан қоңыр қызыл түсті керемет бояу дайындалады. Тері бұйымдарын қынамен боясаң да, әдемі шығады. Өзіміздің жерімізде өсетін қынаның ерекше қасиеті бар. Қызыл күрең бояуды теріге сіңірген кезде жылдар бойы өңін жоғалтпайды. Шоғайна өсімдігінен далалыққа, табиғатқа ұқсас әдемі қоңыр түс шығады. Олардың сапасы да керемет. Теріні ыстауға пайдаланатын жусан даламызда мол өседі", - дейді шебер.

ұлттық бұйымдар
Торсық, қамшы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шебер Темір ауданының Шұбарқұдық ауылы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі. Ол білім ордасында 33 жылдан бері оқушыларға терімен жұмыс істеуді үйретіп жүргенін айтады. Шәкірттері халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы екен.

"Өзімнің қолөнер орталығым бар. Балалардың барлығы шебер. Көрсеткенді алып кетеді. Қолданбалы қолөнер арқылы жас ұрпаққа ұлттық тәрбие бергім келеді. Бүкіл ой, ынтаңмен кіріп кететін жұмыс. Уақыттың қалай өткенін білмей қаласың. Қазірдің өзінде бұйымдарды кәсіби ұсталардай әзірлейтін шәкірттерім бар", - дейді қолөнер шебері.

Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп жүрген шебер биыл Наурыз мерекесіне орай Астана қаласына шақырту алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013394-erekse-buiymdarymen-alemnin-8-elin-aralagan-aqtobelik-seber-seteldikter-zadigerlerge-qyzygyp-qaraidy/

pixel