Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әке туралы жыр: туған күнге арналған өлең жолдары мен әсерлі құттықтаулар

Опубликовано:

Қыздарын еркелеткен әке
Қыздарымен бірге көбік шарларын үрлеген әке. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әкелер үшін туған күнінде ұл-қызынан жылы лебіз есту керемет тосынсый болатыны анық. Әкеңізді қандай сөздермен ерекше құттықтауға болады? Жүректен шыққан әр сөз жүрекке жетеді. Ал біз ұсынған құттықтаулар бір кәдеңізге жарайды деген сенімдеміз.

Әкеңіздің туған күніне арналған өлеңдер

"Энциклопедия подарков и поздравлений" кітабының авторы Катерина Берсенева қандай мереке болса да, ең маңыздысы себеп емес, адамдардың көңіл-күйі, қуанышы мен ойын-сауық ұйымдастыруға дайындық жасауы екенін жазады. Әкеңіздің туған күніне арнап қандай өлеңдер оқыған дұрыс? Балалар қай кезде де өмірдегі ең қымбат жанға жүрек түбіндегі тілегін арнайды.

Әкеге балаларының тілегі

Авторы: Ғабиден Қожахмет

Қорғаштап өмір дейтін сында бізді,

Жүрдіңіз еңкейтпестен тұлғаңызды.

Әкетай, дейміз сізге жүз жасаңыз,

Ақ тілек тағыңыз да жырдан ізгі!

Өмірде талай асу алынғаны,

Бақыттың оты бізге жағылғаны –

Бір сіздің еңбегіңіз екен, әке,

Бүгінде ойлап тұрсақ – соның бәрі.

Біз үшін өткен талай жылдарыңыз,

Жатыр ғой сол өмірде тұлғалы із.

Әкелік мектебіңізден тәлім алған

Бұл күнде өзі де әке ұлдарыңыз.

Өсті ұрпақ, соңыңыздан жетілді із,

"Ата!" - деп айдарлы ұл, кекілді қыз.

Сонда да бұтақ жайған ұл-қызыңа

Әлі де қатал ұстаз секілдісіз.

Өмірде беріп бізге тағылым із,

Үйреткен аз болды ма тәліміңіз.

Жетсек те жетістікке, алдыңызда

Баладай боп тұрамыз бәрібір біз.

Өмірде үлгіміз де бір Сіз, Әке,

Перзентке таусылмайтын жырсыз, Әке.

Сол тұлға, сол мінезден аласармай

Біздерге тәлім болып жүрсіз, Әке.

Әлі де биік болсын жұлдызыңыз –

Арналған перзенттерден жыр-гүліміз.

Жүріңіз аман-есен ортамызда,

Тілейді соны бүгін ұл-қызыңыз!

***

Ұл-қызынан өзіне арналған жыр жолдарын естіген кез келген әке таң қалады әрі тамсанады. Балалардың тұнық сезімінен шыққан сөздер әке үшін өмір бойы есте қалатын ең қымбат сыйлық болмақ.

Бірдей киінген әкесі мен ұлы
Әке мен баланың қуанып тұрған сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әкеңіздің туған күніне арналған жазбаша құттықтаулар

Бала әкесін қорған ретінде көреді. Әкенің жасы нешеге келсе де, баланың жүрегінен оған деген жылы сөз табылады. Әкелердің туған күніне арналған қандай құттықтаулар бар? Әдетте балалар әкесінің бойындағы ең жақсы, ізгі қасиеттері мен ыстық ықыласы жайлы сөз етеді.

Құрметті әке! Туған күніңізбен құттықтаймын. Сізге тәтті, көңілді және әрқашан қозғалыста болатын өмір тілеймін! Мен сізді жақсы көремін, әке!

***

Әке, сіз менің қаһарманымсыз! Мен айға барып, кері қайтар болсам да, сізді жақсы көремін. Сізді қатты-қатты құшақтап, бетіңізден сүюім үшін әрқашан жанымда болыңыз. Туған күніңіз құтты болсын!

***

Әке, туған күніңіз құтты болсын! Мен әлі тым кішкентаймын, бірақ есейген соң міндетті түрде күн сайын бетіңізден сүйетін боламын. Сіз әлемдегі ең жақсы әкесіз және мен сізді қатты жақсы көремін. Сіз мені балабақшадан алып кетуге келген кезде балалардың бәрі маған қызыға қарайды. Сіз сондай қамқор және мейірімді жансыз. Әрқашан осындай қалыпта болыңыз!

***

Әлемдегі ең жақсы әкенің туған күні құтты болсын! Сіздей әкенің ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Өзіңіз секілді күшті, батыл, мықты және сабырлы болғым келеді. Маған көп нәрсені үйреттіңіз және үйрететін дүниеңіздің одан да көп екенін білемін. Сізге саулық, табыс, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін және ұлыңызға жақсы бағыт-бағдар бергеніңізді қалаймын.

***

Әкемнің әлемдегі ең ақылды, парасатты және ең жақсы адам екенін бұрыннан білемін. Бүгін менің сүйікті әкемнің туған күні. Әр күніңіз шуақты болсын, әрбір ісіңізге сәттілік тілеймін! Жанашыр достарыңыз үнемі жаныңыздан табылсын! Отбасымыз сізге арқа сүйейді, ешқашан қажымаңыз! Балаңызды мақтан етіп, бақыт қанатымен көкке самғауыңыз үшін барымды саламын.

"Большая книга праздников и поздравлений" кітабының авторы Валентина Лещинская құттықтауды ойын түрінде жеткізуге және барлық сын есім алынып тастаған мәтін дайындауды ұсынады. Туған күн кешіне келген қонақтар оларды орнына қоюға көмектеседі, ал әкеңіз соңғы нұсқаны дауыстап оқиды.

Туған күнге арналған сыйлық
Туған күнге ұсынатын сыйлық қорабы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әкеңіздің мерейтойын өлең жолдары немесе әсерлі сөздер арқылы құттықтау

Мерейтой - ерекше отбасылық мереке. Балалардың әдемі өлеңдері немесе өз сөздерімен айтқан құттықтауы әкені риза етіп, тебірентеді.

Әкеңіздің мерейтойына арналған өлеңдер

Әкеңіздің мерейтойын қандай өлең жолдарымен құттықтауға болады? Мұндайда тілек ретінде жазылған қысқа өлеңдер ыңғайлы:

Әкем менің айбынды асқар тауым,

Біз ғой өзің өсірген бақша-бауың.

Жырақ кетсең ұл-қызың сағынады,

Біз ғой сенің шырқалар әсем әнің.

Әкем менің асқар тауым, тірегім,

Сен мен үшін қымбат жансың білемін.

Мен есейіп кетсем дағы қияға,

Сен деп соғар жұдырықтай жүрегім.

Шаршаса да сыр бермеген әкешім,

Сен мен үшін асқар таудай әкесің.

Өнегелі, ақыл берген қызына,

Кім сүймейді асқар тауын әкесін.

Көл жағасында тұрған әке мен бала
Көл жағасында баласын еркелетіп тұрған әке. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ ақындары арасында әкеге арнап өлең жазбаған тұлға жоқ. Жалынды жырларымен қазақ әдебиетіне өз қолтаңбасын қалдырған Фариза Оңғарсынованың әке туралы өлеңінің мазмұны терең:

Әкем біреу, анам да біреу менің,

Мен жығылсам сүйенер тіреулерім.

Олар барда мереке, көрген емен

Қабақтарын шытқанын, түнергенін.

Менің досым әкесін жек көреді,

"Бізбен ісі жоқ оның" деп сөгеді,

Жамандайды сыртынан, тістенеді,

Бір-біріне бітпейді өкпелері.

Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,

Әке жалғыз, табылмас ақшаға да,

Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,

Жақсы әкесін бере ме басқа бала.

Әке – білек, саусағы – балалары,

Қан тамырмен жалғасқан аралары,

Ана - тамыр бойымен бәріне де,

Тіршіліктің жылуы таралады.

***

Әкеге деген жүрекжарды тілекті мерекелік дастарқан басында өлеңмен білдіруге болады. Егер балалар алыста тұратын болса, телефон арқылы айтылған лебіз әкенің көңілін көтеріп, шынайы қуануына себеп болады.

Құшақтасып отырған әке мен бала
Әппақ қанат астында құшақтасып отырған әке мен бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әкеңіздің мерейтойын әдемі сөздермен құттықтау

Әкеңіздің мерейтойын қара сөз арқылы қалай құттықтауға болады? Мұндай қуанышты күні перзенттің әкеге арнайтын жылы сөздері де ерекше естіледі.

***

Мерейтойыңыз құтты болсын, әке! Бағындыратын биігіңіз әлі де көп болсын! Бізге жол көрсетуші жұлдыздай жарқырай беріңіз! Сіз жүрген жолмен жүру өмір сүруді жеңілдете түседі. Біздің өмірімізде болғаныңыз үшін алғысымыз шексіз!

***

Туған күніңіз құтты болсын, әке! Сізді таңдаған анама алғысым шексіз. Сіз маған өмірді сүюді үйреттіңіз. Сол үшін сізге мәңгі алғыс айтамын. Ұзақ өмір сүріп, бақытты болуыңызға және жетістіктерімізді көріп, қуанып жүруіңізге тілектеспін! Сізді жақсы көремін, асқар тауым!

Әкесіне еркелеген қыз
Әкесіне еркелеп тұрған кішкентай қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Балаларының шын жүректен шыққан құттықтау сөзі әкенің құлағына жағымды әуен болып естіледі. Туған күн иесі мен жиналған қонақтар сол бір сәтті ұзақ уақыт есте сақтасын десеңіз, өлеңмен немесе өз сөзіңізбен арнайтын құттықтауыңызды эмоцияңызды білдіре отырып жеткізіңіз.

Балалар әкесін құттықтайтын сәтте біраз қобалжиды. Олар туған күнге арнап лирикалық өлеңдер, шынайы және әсерлі құттықтаулар, әзіл-оспақ және жағымды тілектерден тұратын өлеңдерді таңдап, айрықша дайындалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014553-ake-turaly-zyr-tugan-kunge-arnalgan-olen-zoldary-men-aserli-quttyqtaular/

pixel