Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шешім өзгеріссіз қалды: "Кублей" зауыты енді Жоғарғы сотқа жүгінбек

Жарияланған күні:

Ет зауытының мамандары
Ет зауытының мамандары жұмыс барысында. Фото: uralskweek.kz

Орал қаласы әкімдігі мен "Кублей" зауытының арасындағы даулы іс әлі де бітпей жатыр. Сот алқасы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Енді "Кублей" зауыты әкімдікті Жоғары сотқа беруге бекініп отыр, деп хабарлайды "Азаттық рухы" басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Еске салайық, былтыр 27 желтоқсанында өткен сот "Кублей" ЖШС-нің барлық талабын толық қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарған болатын. Шешімге қанағаттанбаған кәсіпорын тарапы ақпан айында аппеляциялық шағым түсірген. Сол шағымның негізінде Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасының соты өтіп, шешім өзгеріссіз қалды.

Uralskweek.kz басылымының мәліметінше, "Кублей" ЖШС сотқа жолдаған талап-арызында Орал қаласы әкімдігінің қаулыларын заңсыз деп танып, сот шешімімен келіспеген.

Заңгер Евгений Прицкердің айтуынша, 2016 жылдан бері үлескерлердің мәселесіне қатысты дауға тікелей жергілікті әкімдік жауапты. Яғни ол "Циолковский" тұрғын үй кешеніне ақша құйып, оны заңды түрде рәсімдей алмай отырған тұрғындардың мәселесіне тікелей Орал қаласы әкімдігінің жауапты екенін алға тартып, қылмыстық құрамның бар екеніне баса назар аудару қажет деп есептейді.

Шағымды қарау сотына үшінші тұлға ретінде тұрғын үй кешенінің тұрғындары да қатысқан. Олар мұндай ұзаққа созылған сот процесінен шаршағанын жеткізді.

Жаңа басталған тұрғын үй құрылысы
Жаңа басталған тұрғын үй құрылысы. Фото: uralskweek.kz

"Азаттық рухы" басылымының хабарлауынша, осыған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты комитет өндірістік аймақта тұрғын үй салуға тыйым салынған деп нақты көрсеткен. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сотқа "Кублей" зауытының санитарлық қорғау аймағы бар, ол аумақ кемінде 100 метр болуы тиіс және онда тұрғын үйлерді салуға тыйым салынған деген жауап жолдаған.

Еске салсақ, "Кублей" ет өңдеу зауытына қатысты дау 2020 жылы кәсіпорын маңына, санитарлық аймақта 4 көпқабатты үй салуға рұқсат бергеннен басталған еді. Аталған дауға ауыл шаруашылығы министрлігі де пікір білдіріп, зауыттың жабылуы нарыққа соққы беретінін, "Кублейге" төнген қауіп елдегі ауыл шаруашылығы саласына тікелей кері әсерін тигізетінін мәлімдеген еді.

"Кублей" ЖШС зауыты жабылуы ол шикізаттың жеткіліксіздігімен, ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуі төмендеуімен елдегі ауыл шаруашылығының жұмысына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар экспортқа шығарылатын тауарлар төмендеп, импорттық тауардың ішкі нарықта көбеюіне әкеліп соғады. Зауыттың жабылуының нәтижесінде 700 адам жұмыссыз қалады", - деген болатын министрлік өкілі.

Сот отырысының соңында судья апелляциялық сот алқасының шешімін оқып, апелляциялық сот алқасы "Кублей" ЖШС-нің шағымын қанағаттандырмай, экономикалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырғанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014971-sesim-ozgerissiz-qaldy-kublei-zauyty-endi-zogargy-sotqa-zuginbek/