Ақтөбелік жігіт қоқысқа тасталған нан қалдығын пайдаға жарататын ерекше кәсіп ашты (фото)
Жарияланған күні:
26 жастағы ақтөбелік тұрғын ерекше іс бастады. Ол қоқыста жатқан нанды жинап, арзан бағада малға жем дайындайды. Қымбатшылықпен күреске өз үлесін қосып жүрген азамат KAZ.NUR.KZ тілшісіне бастамасы туралы айтып берді.
Ақтөбелік Темірлан Махмедұлы қоқыста жатқан "ас атасын" теріп жүр. Дәлірек айтсақ, қоқысқа тасталған нанды жинап, кептіріп, арнайы аппаратпен түйіршіктеу арқылы малға жем әзірлейді. Идеясын жүзеге асыру үшін ол қоқыс жәшіктерінің қасына нанға арналған бөшкелер қойған. Нәтижесінде бір айдан бері шаруа қожалықтарына арзан жем дайындап жүр.
"Қазір қала бойынша 35 жерге бөшкелер қойдық. Тағы 30 бөшке дайындап жатырмыз. Сұраныс өте көп. Күніне қаншама адам хабарласып, осындай бөшке қоюды сұрайды. Алдағы уақытта 200-300 бөшкедей қойғымыз келеді. Осы кәсіпті қолға алғалы өзім де кішігірім ауыл шаруашылығымен айналыса бастадым", - дейді Темірлан Мұхамедұлы.
Осыған дейін үлкен жүк көлігінің жүргізушісі болған азамат бар тапқан табысын жаңа кәсібіне жұмсағанын айтады.
"Бірден мол пайда табу мүмкін емес. Ең бастысы - нан жерде шашылып, ысырап болмайды. Шаруасы да, шығыны да көп жұмыс. Бір бөшкені жасатудың өзіне 25 мың теңге жұмсалады. Ақшаның көбі осыған кетіп жатыр. Қасымдағы балаларға азын-аулақ жалақы төлеймін. Қазіргі кезде пайда тауып жатқан жоқпын. Бірақ болашағы бар деп ойлаймын. Болашақта жоба дайындап, субсидия алғым келеді. Қаланың бәрін қамту үшін үлкен қаржат қажет", - дейді ол.
Темірлан нан қалдықтары үшін қойылған бөшкелерді күнара аралайды екен. Әзірге досының көлігін мініп жүр. Ол қала ішіндегі 35 бөшкедегі нанды теріп шығуға бір күн кететінін айтады.
"Тұрғындар әлі үйренген жоқ. Нанды бөшкенің үстіне қойып кетеді. Ит-мысық шашып тастамас үшін ішінде жатқаны ыңғайлы. Адамдар нанды да, жуындыны да салып кетеді. Біз тек құрғақ нанды ғана аламыз. Әр жерде қапшық-қапшық нан ысырап болып жатыр. Соны іріктеп, тазартып, ұнтақтап, кейін оны аппаратқа салу арқылы түйіршіктеп, мал шапруашылығымен айналысатын адамдарға арзан бағада беріп жатырмыз. Таза нан болған соң "құнарлы" деп мақтап жатқандар көп. Арзан бағаға жем – қымбатшылықпен күрес. Бір қап бидайдың өзі бес мың теңгеден жоғары. Біз наннан дайындалған жемнің қапшығын 1700 теңгеден сатамыз", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015315-aqtobelik-zigit-qoqysqa-tastalgan-nan-qaldyqtaryn-paidaga-zaratyp-erekse-kasip-asty-foto/