Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәрі күлге айналды": Атырауда 20 үйдің ауласы өртеніп кетті (фото, видео)

Опубликовано:

Атырау облысында тұрғындардың ауласы өртенді
Оқиға орны. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Атырау қаласына қарасты Құрсай елді мекенінде қамыс өртеніп, жиырмаға жуық үйдің ауласы тілсіз жауға оранған. Шығынға ұшыраған халық жиналып, KAZ.NUR.KZ тілішісіне жанайқайын жеткізді.

Құрсай елді мекеніндегі Перетаска каналының жағалауында қамыс өртенген. Салдарынан тілсіз жау сол маңайдағы үйлердің аулаларына дейін жетіп, тұрғындардың сарайлары, жылыжайы, енді бірінің жинаған мүлкі мен құрылыс материалдары, жеміс ағаштары өртке оранған.

Тұрғындардың айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына тым кешігіп жетіпті. Олар өртті сөндіргенше 20-ға жуық үйдің ауласын жанып кеткен.

Атырауда 20 үйдің ауласы өртеніп кетті
Оқиға орны. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

"Өрт сөндірушілер бір сағатсыз келіп болмады. Одан кейін қалай кіретінін білмей адасып тағы уақыт жоғалтты. Өйткені каналға қарай өтетін жол жоқ. Олар келгенше өзіміз бақша суаратын насостарды қосып көршілермен бірге сөндіруге көштік. Тек үйімізді аман алып қалдық. Жылыжайым мықты әйнектерден салынған еді, одан бөлек аулада жинап қойған құрылыс материалдарымыздың бәрі күлге айналды. Өрт күндіз демалыс күні болып аман қалдық. Бұл жағдай түнде болғанда немен аяқталарын ойлаудың өзі қорқынышты",- дейді тұрғын Мөлдір Дүйсекенова.

Атырауда 20 үйдің ауласы өртеніп кетті
Оқиға орны. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Тұрғындар Перетаска каналының бойында қамыс жануы жыл сайын қайталанатын жағдай екенін айтады. Құрсай ауылының қалаға қосылғанына біраз жыл болғанымен халыққа тиісті жағдай жасалмағанын алға тартады.

"Жыл сайын осындай өрттен түтінге тұншығып, "өрт ауламызға кіріп кетпесе екен" деп жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Кеше жел қатты болып өрт ауламызға ұшып түсіп, жиған терген мүлкімізді шарпып кетті. Бұл жер каналдың айналасы болған соң қамыс өспей тұрмайды. Қамыс қаптап жатқанын әкімдік білмей отырған жоқ, біледі. Ең болмаса жыл сайын қамысты шауып, өрт сөндірушілер өтетін жол салып берсе. Шыны керек, осы көшенің тұрғындары жетім қыздың күйін кешіп отырмыз. Жол түгіл көшеде жарық та жоқ",- дейді Құрсай тұрғыны Ғалия Иманалиева.

Атырауда 20 үйдің ауласы өртеніп кетті
Оқиға орны. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Атырау облыстық ТЖД мәліметінше, Құрсай елді мекеніндегі өртті сөндіруге 53 құтқарушы мен 12 техника жұмылдырылған. Үйлерден бөлек қамыстың жануы саяжайларға ұласып барлығы 1.5 гектар жер отқа оранған.

Тұрғындардың наразылығына қатысты қалалық әкімдік те пікір білдірді.

"Перетаска каналының айналасындағы қамысты шабу біздің құзырымызға кірмейді. Ал канал бойындағы Сары ата Досмұханбетұлы көшесін жарықтандыру жұмыстары биылғы жылдың жоспарында тұр. Қыркүйек айында жұмыстар басталады. Алдағы уақытта қалалық сәулет және қала құрылысы мекемесі арқылы арнайы жер белгілеп ойын алаңын салу да қарастырылған",- дейді Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2014748-bari-kulge-ainaldy-atyrauda-20-uidin-aulasy-ortenip-ketti-foto-video/

pixel