Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күкірт пен түтінге уланған атыраулықтар таза ауа үшін митингке шықты (фото, видео)

Жарияланған күні:

Атыраулықтар таза ауа сұрап, митингке шықты
Атыраудағы митинг қатысушылары. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Бүгін, 9 сәуір Атырауда 500-ге жуық тұрғын орталық стадионның алдына жиналып, таза ауа үшін митинг өткізді. Бірнеше жылдан бері күкірт пен полигон түтінінің иісіне шыдап келген халық шыдамның таусылғанын айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қалалық әкімдіктің рұқсатымен өткен бейбіт митинг 1 сағатқа созылды. Жиналғандар "Тынысым тарылды", "Атырау дыши", "Өкпе дем жетпейді", "АМӨЗ бізді улама", "Экология дороже прибыли", "ҚР Экологиялық кодексінің 198 бабының орындалуын талап етеміз" деген плакаттар ұстап шыққан.

"Атырау бүгінде өзінің майын өзгеге беріп, өзі күйесін жалап отырған жағдайы бар. Соңғы бес жылға шегінсек, өңірде экологиялық ластанулардың саны 2500-ден асқан. Жоғары ластанулар 300-ден жоғары. Бұған дейін шыдап келген халықтың шыдамы таусылды.

Бұдан кейін шыдап отыру мүмкін емес. ТШО атмосфералық ауаға жылына 60 мың тонна, NCOC 23 мың тонна, АМӨЗ 10 мың тонна зиянды шығарындылар лақтырады. Егер осы барлық зияндыларды қосып Атырау облысының тұрғындарына шағатын болсақ әрбір тұрғынға 214 келі шығарынды болады. Облысымызда науқастанғандар саны да артып жатқаны соның дәлелі", - дейді тұрғын, экология жанашыры Арман Хайруллин.

Атыраулықтар таза ауа сұрап, митингке шықты
Митингке шыққан тұрғындар. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Жиналғандар екінің бірі аллергия, бронхит, астма ауруымен ауыратыныын және ұйқыдан оянғанда ешқашан ұйқысы қанбайтынын айтуда.

"Облысымызға кезінде NCOC, ТШО секілді алпауыт компаниялар келгенде "олар жаңа технологиямен келеді, экологияны таза ұстайды" деп сендірген еді. Алайда уақыт өте іс жүзінде орындалмай жатқанын көріп отырмыз. Оған қоса, ТШО қазір үшінші зауытын салып жатыр. Қаладан алыспыз дегенмен, олардан халыққа зиян келіп жатыр. ТШО инфрақұрылымдарға ғана емес тұрғындарға да кірістің бір пайызын беру қажет", - деп талап қойды табиғат жанашыры Галина Чернова.

Атыраулықтар таза ауа сұрап, митингке шықты
Атыраудағы митинг. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Митингке жиналғандар атыраулықтардың, әсіресе, балалар мен қарттардың денсаулығына орны толмас зиян келтіретін қамыс пен қоқыс өрттеріне жедел шара қолдануды талап етеді.

Тұрғындардың сөзінше, олардың басқа жаққа көшуге мүмкіндігі жоқ және бейбіт уақытта туған жері мен туған үйін тастағысы келмейді.

Атыраулықтар таза ауа сұрап, митингке шықты
Митинг қатысушылары. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Митингіні өткізуге ұйымдастырушылар қала әкімдігінен рұқсат алған. Бейбіт митингте экология тақырыбынан басқа тақырып қозғалмады. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жиналғандарға жақындамай сырттай бақылап тұрды.

Атыраулықтар таза ауа сұрап, митингке шықты
Митинг қатысушылары. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі талап - экология тазарсын, халық таза ауамен тыныстасын. Ауа ластанған жағдайда мемлекеттік органдар, төтенше жағдай департаменті, экология департаменті тез әрекет етсін дейді.

Атыраулықтар таза ауа сұрап, митингке шықты
Митингке шыққан тұрғындар. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

"Атырау қаласындағы экологиялық апат соңғы кезде күшейіп келеді. Жағдайға қарап отыра алмай, бейбіт митинг өткізуді жөн көрдік. Бұл мәселені соңына дейін жеткізуге күш саламыз. Барлық талабымызды петицияда көрсетіп, халыққа қол қоюға ұсындық. Петиция премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданатын болады", - деді ұйымдастырушылардың бірі Нұргүл Хайруллина.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016054-kukirt-pen-tutinge-ulangan-atyraulyqtar-taza-aua-usin-mitingke-syqty-foto-video/