Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңаөзенде адамдар жолды жауып тастады: полиция ұсталған 24 азаматты босатты

Опубликовано:

Жаңаөзенде жолды жапқан бір топ азамат
Жаңаөзенде жолды жапқан бір топ азамат. Видеодан кадр: https://t.me/qumash_kz

Жаңаөзенде бір топ азамат жолды жауып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша полиция департаменті хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"12 сәуір күні таңертең Жаңаөзенде бір топ азамат жолды жауып, азаматтардың қозғалысына кедергі келтірді", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Облыстық полиция департаменті мәліметінше, қоғамдық қауіпсіздік пен көліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында ұсталғандар полицияға профилактикалық әңгіме өткізу үшін жеткізілген.

"Мұндай әрекет әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 614-бабы "Көлiк құралдарының жүрiсiне кедергi келтiру" бойынша 10 АЕК айыппұл түрiндегi жауапкершілікке тартылады", - деді Маңғыстау облыстық ПД өкілдері.

Кейін облыстық полиция департаменті мұндай заңсыз әрекеттерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгімеден кейін ұсталған 24 адам босатылғанын хабарлады.

Айта кетейік, 10 сәуірде Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының маңына 60-тан астам адам жиналып, "Өзенмұнайгаз" компаниясына штатқа жұмысқа алуды талап еткен.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында түсіндіргендей, жиналғандар - бұрын "ҚазМұнайГаздың" еншілес ұйымы "Өзенмұнайгаз" АҚ үшін мұнай кәсіпшілігі қызметтерін көрсету бойынша тендерде жеңіліске ұшыраған "BerAli Mangistau Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.

Компания қызметкерлеріне орташа есеппен 700 000 теңгені құрайтын жалақыларын сақтай отырып, басқа компанияға ауысу ұсынылды, деп хабарлады "ҚазМұнайГаз".

Алайда "BerAli Mangistau" компаниясының бұрынғы қызметкерлері тендер қорытындысын жоюды талап етіп, шарттардан бас тартқан.

Сонымен қатар кеше Астанада жаңаөзендік жұмысшылардың полицияға жеткізілуіне қатысты елорданың полиция департаменті пікір білдірген еді.

Кейінірек, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016434-zanaozende-adamdar-zoldy-zauyp-tastady-policeiler-24-azamatty-bosatty/

pixel