Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қошанов астанада наразылық білдірген мұнайшылардың алдына неге шықпағанын түсіндірді

Опубликовано:

Ерлан Қошанов
Ерлан Қошанов. Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов палата кулуарында Amanat партиясының өкілі ретінде елордада наразылық білдірген мұнайшылардың алдына неге шықпағанын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Мемлекеттік органдар тарапынан тиісті түсініктеме берілді. Кім шығуға тиіс еді – солар шықты. Ал осы мәселенің барлығымен біз де айналыстық", – дейді Қошанов шерушілермен неге кездеспедіңіз деген сұраққа жауап ретінде.

Сондай-ақ спикер "мұнайшылардың ұсталуы дұрыс реакция деп ойлайсыз ба?" деген сауалға бәрі заң аясында болуы керек деп жауап берді.

"Барлығы заң шеңберінде болу қажет. Сондықтан кешегі болған оқиға барлығы заңның шеңберінде болды деп есептеймін. (...). Сіздер өздеріңіз түнде көрдіңіздер, бүгінде бүкіл жұмыскерлер ауылдарына қайтты", – дейді Ерлан Қошанов.

Ал журналистің "адамдарды ұстау заң шеңберінде деп ойлайсыз ба, бұл жерде заң бұзылды ма?" деген сұраққа Қошанов сұрақпен жауап берді.

"Заң бұзуды сіз дұрыс деп ойлайсыз ба? Әрине, заң бұзылды. Митинг туралы, бейбітшілік туралы заңдар бар ғой. Сонымен қатар оның барлығы бүгінгі күнде дұрыс заң шеңберінде шешілді" , - дейді мәжіліс спикері.

Сонымен қатар ол мұнайшылардың талабы заң жүзінде орынды немесе орынды емес екенін айта алмайтынын жеткізді.

"Себебі, мұнымен қазір құзырлы органдар айналысып жатыр. Мұның артында кім тұр, кімнің бұл жерде әрекеті бар, кім мұны ұйымдастырды және де жұмыскерлерге тендер дұрыс өтті ме, дұрыс өтпеді ме, бұл мәселені де анықтау керек", – дейді Ерлан Қошанов.

Айта кетейік, 10 сәуір күні Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдына Жаңаөзеннен келген 60-тан астам адам жиналып, өздерін "Өзенмұнайгаз" АҚ-ға штатқа жұмысқа алуды талап еткен болатын.

"ҚазМұнайГаз" компаниясының мәліметінше, жиналғандар "ҚазМұнайГазға" еншілес "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы үшін мұнай сервистік қызмет көрсетуге арналған тендерден ұтылған "Бералы Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.

Биыл 1 сәуірде оларға еңбекақысын сақтай отырып, басқа компанияға жұмысқа орналастыру ұсынылған. Алайда "Бералы Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері тендер нәтижесінің күшін жоюды талап етіп, бұл ұсыныстан бас тартқан.

11 сәуірде жаңаөзендік жұмысшыларды полицейлер ұстап әкетті. Кейін олардың құзырлы органға жеткізілуіне қатысты елорданың полиция департаменті пікір білдірді.

Сондай-ақ бүгін, 12 сәуірде Бас прокуратура Астанада наразылыққа шыққан жаңаөзендіктердің мәселесіне қатысты пікір білдіріп, дау реттелгенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016469-qosanov-mitingke-syqqan-zanaozendikterge-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel