Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түс көрдім": Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі оның қазасы туралы хабарды естіген сәтін еске алды

Опубликовано:

Заманбек Нұрқаділов қоғам қайраткері
Заманбек Нұрқаділов. Фото: turkystan.kz

Қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Нұрбике Нұрқаділова күйеуінің қазасын естіген сәтті еске алды. Нұрбике Нұрқаділова "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында күйеуі өмірден өтер кезде түсіне кіргенін баяндады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Ол кісі дүниеден өткенде Қайрат (Заманбек Нұрқаділовтің ұлы - ред.) естіртті. Қайратқа жаңағы келіншектің әпкесі ме, сіңлісі ме хабарласып, "Әкең атылып кетті" депті. Қайраттың төбесінен жай түскендей болып, маған хабарласты. "Анашым, әкем атылып кетті" деді. Мен бір жерде қонақта отырғанмын.

Мен оны жүрегі тоқтайды, қаны көтеріліп, бірнәрсеге ренжіп кетеді деп жүрмін ғой. Сонда мен "Ойбай, ол неге атылып кетеді? Ол басқаша өлмей, неге атылып өледі? Атылып өлуі мүмкін емес" деп бақырып жібердім", - деді Нұрбике Нұрқаділова.

Сонымен қатар қоғам қайраткерінің бірінші әйелі күйеуін өмірден өтер алдын түсінде көргенін айтты.

"Мен жұма күні таң ата түс көрдім. Зәкең Бақанастағы менің бауырымның үйіне баяғыдағыдай келіпті. Бұрын ағаш шарбақ болатын еді. Сол шарбақтың жанында тұр екен. Мен көліктен түсіп, келе жатырмын. Кеткені есімде, "маған келгені несі?" деймін. "Бұл неге келді?" дедім де, ұят деп "Үйге кір" деп айтайын дедім. Ол кісі менің екі бетімнен сүйді. Оянып кеттім. Таң атып қалған екен. Тау жаққа қарап отырдым да, "мына кісі менімен қоштасты-ау" деп жорыдым. Сол кезде менің арқам мұздай болып кетті.

Сөйткенімше болған жоқ, кешкі шайда отырғанда маған хабар берді. Мен жұма күні түс көрдім, сенбі күні хабар берді. Ол кісі жұма күні кеткенге ұқсайды. Өйткені, Қайрат көрген кезде оның қаны қатып қалыпты. Құралай "Әкемді көрем" деп ойбай салып барғанда, Қайрат жібермей қойған. Қайрат "Құралай көрсе, жүрегі ұшып кетер еді. Өзімнің де жүрегім ұшты. Сосын Құралайды жібермей ұстап қалдым" дейді. Сонда мен түс көрген кезде, ол кісі жұма күні кетіп отыр ғой. Оны не істерін білмей, бір тәулік ұстаған. Содан кейін Қайратқа хабар берген. Мен қонақта отырғанда, Қайрат "Анашым, әкем өлді. Атылып кетті" деді", - деп еске алды Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жұбайы Нұрбике Нұрқаділова.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Нұрбике Нұрқаділова марқұм жары туралы бұрын-соңды айтылмаған деректерді бөліскен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016600-tus-kordim-zamanbek-nurqadilovtin-birinsi-aieli-onyn-qazasy-turaly-xabardy-estigen-satin-eske-aldy/

pixel