"Мойнымда 2,5 млн теңге қарыз тұр": Біреудің кредитіне кепілгер болуға келіскен алматылық келіншек әділдік іздейді
Жарияланған күні:
Алматы тұрғыны Нұргүл Айдарқұлованың банктегі есепшоттарының бәрі бұғаттаулы. Ол былтыр ойда жоқта банкке 2,5 млн теңге қарыз екенін білген. Айтуынша, қазір ол біреудің кредиті үшін ай сайын айлығының жартысынан қағылып отыр. Банкпен соттасқан келіншек әділдік іздейді. Бұл жайтқа қатысты заңгер пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нұргүл Айдарқұлованың айтуынша, банк оның есепшоттарын бірнеше жыл бұрын бір адамға кредит алуға кепілгер болып, сол қарыз жабылмай, оның мойнында ілулі тұрғаны үшін бұғаттаған.
"Тұрмысқа шықпай тұрып, 2006 жылы бір кісіге банктен кредит алу кезінде кепілгер болып берген едім. Мен ол кісіні танымайтынмын, бірақ ортамызды бір таныс қыз өтініш айтқаннан кейін кепілгер болуға келісіп, қол қойып бердім. Ол кезде гарант дегеннің кім екенін жөнді түсінбедік. Жай өтініш айтқан соң келістім. Сөйтіп 16 жыл бойы маған ешкім ол туралы хабарласпады. Мені ешкім іздеген жоқ. Ол менің есімнен мүлде шығып кеткен. Содан 2022 жылы маусым айында менің банктегі есепшоттарымды ешқандай ескерту жасамастан бұғаттап тастады. Маған оны банкке қарыз болғаным үшін бұғатталған деп түсіндірді. Банк менеджері маған 2006 жылы бір әйелге кепілгер ретінде кредит алуға келісіп, қойған қолымды көрсетті. "Ол кісі кредитті төлемеген, содан қалған қалдық" деп айтты. Банк 2020 жылы алынған деп көрсетілген кредиттің төлем талабын да қолыма ұстатты. Содан мен сол өзім кепілгер болып көмектескен кісіге бардым. Ол кісіден 2020 жылы жаңа кредит алған-алмағанын сұрап, әлгі қағазды көрсеттім. Маған сөз арасында "кредит алғым келмеп еді, мені банкте мәжбүрледі" деді. "Бұл сонда басқа кредит пе?" деп сұрап едім, "Жоқ бұл 2006 жылғы кредиттің қалдық сомасы" деп жауап берді", - дейді Нұргүл Айдарқұлова.
Нұргүл бұл жайт бойынша Медеу аудандық сотына шағым түсірген. Судья оның шағымын қанағаттандырмағандықтан ол әрі қарай Алматы қалалық Азаматтық істер бойынша сот алқасына аппеляциялық шағым түсірген. Күні кеше оның бұл талапарызы да қанағаттандырылмады.
"Бірінші сот өтті, ол жерде сот банктің пайдасына шешім шығарды. Аппеляциялық сотқа шағым түсірдім. Бұл жерде мен алданып отырмын. Менің білуімше, бұл кредит баяғыда жабылып кеткен. Екінші кредитті маған төлетіп отыр. Бірінші кредит 10 жылға алынған болатын. Қазір менің мойнымда 2,5 млн қарыз тұр. Сол үшін ай сайын мен жалақымның 50 пайызынан қағылып отырмын", - дейді әйел.
Нұргүлдің қолында кепілгер болу туралы 2006 жылғы келісімшарт, одан бөлек тағы бірнеше құжаты бар.
"Құжатта кепілгер келісімшартының жарамдылық мерзімі кредит бойынша төлем толық аяқталғанша, яғни 10 жылға жарамды деп көрсетілген", - дейді ол.
Осы мәселе бойынша KAZ.NUR.KZ порталына отандық заңгер Ғалымжан Сарбасов пікір білдірді.
"Материалдардардың бәрін қарап шықтым. Нұргүлдің адвокатының аппеляциялық шағымындағы жасаған қадамдарына келісемін, ол кісінің бұдан басқа амалы жоқ. Баптарын да дұрыс келтірген. Бірақ өкінішке қарай, мұндай істер біздің практикада көп жағдайда қағанаттандырусыз қалып жатады. Кепілгер келісімшартында оның заңды күші (3 тармақ) қарыз шарты қанша уақыт күшінде болса, сонша мерзімге жарамды деп жазылған.
Алайда біздің заңнамада келісімшарттың нақты мерзімі көрсетілсін деген талап бар.
Бұл жерде соттар адалдық пен әділдік қағидасына сүйене отырып, көбінесе бұндай арыз-талаптарды қанағаттандырусыз қалдырады. Біздің практикада сотқа бұдан да өткен дәлелдер базасымен барғандар бар.
Банктердің құқықбұзушылықтары туралы да айта кету керек. Азаматтық кодекстің 4-бабына сай, заңнама немесе келісімшарт дәлме-дәл мағынасында түсіндірілуі қажет деп жазылған. Сонымен қатар, заңда кепілгер келісімшартының мерзімі міндетті түрде көрсетілсін деп анық жазылған. Ал бұл жерде мерзімін түсініксіз жазған, белгісіз мерзім болғандықтан келісімшарт қанша уақытқа жарамды екені нақты жазылмаған.
Сол себепті бұл жерден екітүрлі ой түюге болады. Яғни, соттың қалай шешім шығаратынына байланысты. Егер сотта бұл іс-әрекет заңсыз деп шешілсе, онымен де келісуге болады. Өйткені қарыз алу туралы келісімшарт қанша уақыт заңды күшінде болса, кепілгер келісімшарты да сол мерзімге дейін жарамды. Сәйкесінше, берілген азаматтық іске нақты жауап айту қиын. Сот практикасы біржақты емес", - дейді заңгер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016892-moinymda-25-mln-tenge-qaryz-tur-bireudin-kreditine-kepilger-boluga-kelisken-almatylyq-aiel-adildik-izdeidi/