Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Танымал болып кетемін деп ойламадым": Талдықорған базарындағы әзілқой сатушы ел назарына қалай ілікті

Опубликовано:

Мұхамедали Алпамысұлы
Мұхамедали Алпамысұлы. Фото: жеке мұрағатынан

Әлеуметтік желі қолданушылары базарда көкөніс сататын қарапайым жігіттің суырыпсалмалық өнерін жоғары бағалауда. Сатушы жігіт орысша-қазақша аралас ұйқастырған өлеңімен базарға келген жұрттың көңілін тапқан. KAZ.NUR.KZ тілшісі елдің көңілін көтеріп, саудасын да қыздырған талдықорғандық Мұхамедәли Алпамысұлымен тілдесіп, импровизаторлық шеберлігінің сырын сұрады.

27 жастағы талдықорғандық жігіттің саудамен айналысып жүргеніне көп болған. Ол Талдықорғандағы Көк базарда көкөніс, жеміс-жидек сатады. Мұхамедәли елге осылай кездейсоқ танылып кетемін деп мүлде ойламаған.

"Саудада жүргеніме 10 жылдай болды. Мен базарда осылай күнделікті сөйлеп тұрамын, бірақ өзімді түсіріп, елге көрсетсем, танымал болып кетемін деп ойламадым. Бір таныс жігіт түсірген. Менің видеоларым сол кісінің парақшасында жүрген, содан тарап кетті. Енді мені танып-біліп жатыр. Өзім Жетісу облысы Ескелді ауданы Жаңалық ауылының тумасымын. Үйленгенмін, екі балам бар, құдайға шүкір. Көкөніс сату - біздің отбасылық кәсіп. Ата-анам бастаған істі жалғастырып жүрмін", - дейді көңілді сатушы.

Мұхамедәлиді желі қолданушылары суырыпсалмалық, ақындық қырынан танып жатыр. Сатушы жігіттің сөзінше, бұл өнер оның бойында бұрыннан бар, ол тұтынушылардың әр сұрағына ұйқаспен жауап бере алатынын айтады.

Оған себеп - Мұхамедәли мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен өте жақсы оқыған екен.

"Мектепте қазақ тілінен, әдебиетінен "5" деген бағаға оқыдым, орыс тілінен "үштікке" бітірген адаммын. Орыс тілін осы қалаға келіп, кәсіпті ашқаннан бастап, базарда үйрендім. Қазір қазақша да, орысша да ұйқастырып өлеңдетемін. Осы өнерім арқылы саудам жақсы жүреді деп айта аламын. Мен осы жерде бұрыннан ауыз жаппай сөйлеп тұрамын. Бес-алты жыл болды. Талдықорған халқының бәрі таниды", - дейді ол.

Мұхамедәли "Саудада береке бар" деген нақыл сөзбен толық келіседі. Ол осы кәсібі арқылы қаладан пәтер мен салоннан жап-жаңа көлік те алғанын айтады.

"Жалпы сауда адамның ынтасына, жұмысқа деген ниетіне қарай жүреді. Таңертең үйден шығарда бүгін сауда жасаймын деп, жақсы көңіл-күймен келсең, сауда жақсы болады. Сауданы адал, шын көңілмен жасасаң, берекесі бар. Осы кәсібіміз арқылы талай жетістікке жеттік", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016752-auyz-zappai-soileimin-taldyqorgan-bazaryndagy-azilqoi-satusy-el-nazaryna-qalai-ilikti-video/

pixel