Нұрлан Ноғаев: Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:
Жаңаөзендегі жарылыстан үйінді астында қалған барлық адам шығарылып, жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі Тelegram-дағы ресми арнасында.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 сәуір күні таңғы сағат 04:05-те Жаңаөзен қаласында 12-пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйдің екінші кіреберісінде жарылыс болған. Болжам бойынша газ қоспасы төгілген. Жарылыс салдарынан 150 шаршы метр аумаққа зиян келген.
Сағат 10:45 жағдай бойынша 13 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 8 бала бар. Зардап шеккен 6 адам ауруханаға жатқызылса, 7 азамат үйіне жіберілген.
Сондай-ақ газ жарылысы салдарынан 4 адам қайтыс болған.
Жарылыс кезінде алдын-ала мәлімет бойынша 3 пәтерге зиян келген. Апаттан кейін үй газ желісінен бірден ажыратылған.
Сонымен қатар аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен ауруханасына жатқызылған апаттан зардап шеккен тұрғындардың жағдайын білген.
Ауруханаға жатқызылғандардың барлығы травматология бөлімшесінде ем алуда. Ал жағдайы ауыр тұрғындар жансақтау және қарқынды терапия анестезиология бөлімшесіне, бір пациент облыстық ауруханаға жедел авиациялық тікұшақпен жеткізілген.
"Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, жаңа тұрғын үй беріледі. Апаттық жұмыстарға көмек көрсеткен еріктілер мен қала тұрғындарына алғыс айтамын. Қазіргі уақытта барлық адам үйінді астынан шығарылды", - дейді Нұрлан Ноғаев.
Оның сөзінше, оқиға орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр және жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта үйінділерді тазалау жұмыстары жүргізіліп, апаттың себебі мен мән-жайы анықталуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017044-nurlan-nogaev-zanaozendegi-zarylys-deregi-boiynsa-qylmystyq-is-qozgaldy/