Жаңаөзендегі жарылыс: қаза болғандар саны 4 адамға жетті (фото, видео)
Жарияланған күні:
Жаңаөзендегі екі қабатты тұрғын үйде болған газ жарылысынан қаза болғандар саны артты. Құтқарушылар үйінді астынан тағы үш адамның денесін алып шыққан. Сондай-ақ тағы үш адамды - ер және әйел адаммен, бір баланы аман-есен алып шыққан, деп хабарлайды ТЖМ Telegram-дағы ресми арнасында.
Ведомство мәліметінше, сонымен Жаңаөзендегі газ жарылысы салдарынан қайтыс болғандар саны 4 адамға, үйінді астынан аман-есен шығарылғандар саны да 4 адамға жетіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін үйінді астынан 29 жастағы азаматтың денесі шығарылған еді. Сондай-ақ 23 жастағы азаматша құтқарылған болатын.
Қазіргі таңда жалпы алғанда жарылыстан зардап шеккен 6 адам ауруханада жатыр.
Сондай-ақ үйіндіден тазарту жұмыстары жалғасуда. Оған 40-қа жуық техника мен 350-ге жуық адам жұмылдырылған. Оның ішінде құтқарушылар, кинологиялық топ, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық көмек, полиция қызметкерлері, еріктілер бар.
Айта кетейік, оқыс оқиға бүгін, 17 сәуірде Астана уақытымен таңғы сағат 5 шамасында №2-ші шағын ауданда болған еді. Осы аудандағы екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде газ жарылған болатын.
Газ жарылысы салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған. Сондай-ақ алдын ала мәлімет бойынша 3 пәтер бүлінген. ТЖД қазіргі таңда оқиғаның себеп-салдарын анықтауда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2017022-zanaozendegi-zarylys-qaza-bolgandar-sany-osti/