Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүкті әйел жансақтау бөлімінде жатыр": Жаңаөзендегі жарылысқа қатысты жаңа деректер шықты

Опубликовано:

Жаңаөзендегі газ жарылысынан кейінгі іздестіру-құтқару жұмыстары
Жаңаөзендегі газ жарылысынан кейінгі іздестіру-құтқару жұмыстары. Фото: https://t.me/qr_tjm

Кеше, таңғы сағат 5 шамасында Жаңаөзендегі тұрғын үйлердің бірінде газ жарылысы болды. Оқиға салдарынан 4 адам қайтыс болып, 13 адам зардап шекті. КТК арнасы қайғылы оқиғаға қатысты куәгерлердің пікірі мен зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы ақпарат жариялады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше төрт пәтер толық бүлінген. Баспаналар үйіндіге айналған. Жергілікті билік төтенше жағдайға тап болған тұрғындарды далада қалдырмаймыз деп отыр.

Телеарна мәліметінше, қайғылы оқиға таңғы сағат 5 шамасында болған. Жаңаөзен қаласындағы 12 пәтерлі үйдің кіреберісі жарылған.

Оқыс оқиға салдарынан төрт адам қаза тапты. Марқұмдардың денесін құтқарушылар үйінді астынан қазып алды.

13 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде сегізі - бала. Қазір алты науқас ауруханаға жатқызылса, жеті адам үйіне жіберілген.

"Екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Біреуі жүкті келіншек. Оған қазір операция жасап жатыр. Облыстан бас нейрохирург мамандар келді. Омыртқаларына ота жасайды. Екінші науқастың аяғы бетонның астында қалған, жағдайы ауыр. Травматология бөлімшесінде бес науқас жатыр. Алтау еді, біреуі облыстық ауруханаға жіберілді, кішкентай бес жасар қыз", - дейді Жаңаөзен көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Серік Асқаров.

Таңда болған қатты жарылыс ұйқыда жатқан тұрғындардың әбден зәресін алған. Тіпті тұрғын үйдің жанындағы пәтерлердің терезесі шағылып, қабырғасы шытынап, есігі сынған.

"Ұйықтап жатыр едік, тарсылдап шықты, қорқып кеттік, жер қозғалған екен деп. Далаға шықсақ, тұман, тек шаң-шаң болып жатыр. Көршілер жақсы адамдар еді, бала-шағасы бар. Бір түйір баласына келін алды. Құдаларды шақырайын деп отыр еді... Мына үйдің терезесін шақты. Менің есігім сынды, жарылды. Газ дегенді қарау керек қой, бәрі көне. 30 жылдан бері тұрамыз. Газымыз да көне, электр сымдары да тозған", - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Гүлім Сәрсенғалиева.

Телеарна дерегінше, тас-талқаны шыққан кіреберісте алты пәтер орналасқан. Соның төртеуі жермен-жексен болып, апат болған сәтте бес отбасы зардап шекті. Ал алтыншы пәтердегі тұрғындар Ақтауға қонаққа кеткен екен. Олар үйдің астымен жүргізілген газ құбырынан ақау шықты дейді. Сондықтан зардап шеккендер құбырды көзге көрінетін жерге шығаруды сұрап отыр.

"Осы үйде тұратын едім. Үйім құрыды, әйтеуір өзім аманмын. Кеше Ақтауға қызыма кетіп қалғам. Көршілерім, неше адам кетіп жатқанын білмеймін. Газ құбырын жердің астына тықты. Ол деген болмайтын зат, жердің астында газ болады деген не сұмдық! Бетінде көрініп тұру керек. Мынау кәдімгі табиғи құбырмен келіп жатқан газ. Жертөледе жиналған дейді ғой, білмеймін. Жердің астына тығылған газ құбырын бетіне шығару керек", - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сахиба Мажиева.

Төтенше жағдай департаменті алдын ала болжам бойынша ауаға газ тарап, жарылыс содан болуы мүмкін деп отыр. Қазір құтқарушылар үйіндіні жинап, оқиға орнында зерттеу жүргізіп жатыр. 

"Болжам бойынша газ ауаның қоспасының жарылуы болып есептеліп отыр. Жарылу себебін анықтауға департаментпен қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 29 бабының 3-тармағымен. Ол жерде қызметкерлеріміз айналысады. Себебін нақты анықтайтын болады. Одан бөлек, жарылу себептерін анықтайтын сараптамалар тағайындалатын болады", - дейді Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Мұрат Мұханов.

Оқиғаның анық-қанығын зерттеуге Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен жедел-штаб құрылды. Сонымен қатар облыс әкімі Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017201-zukti-aiel-zansaqtau-boliminde-zatyr-zanaozendegi-zarylysqa-qatysty-zana-derekter-syqty/

pixel