Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әйел адам басынан орамалын тастамағаны жөн": ақтөбелік әжей жас келіндерге ақылын айтты

Опубликовано:

Бибіхадиша Рамазанова
Бибіхадиша Рамазанова. Фото: KAZ.NUR.KZ

86 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны Бибіхадиша Рамазанова зейнетке шыққаннан бастап, әр жылдың Рамазан айында ораза ұстап, ауыз бекітеді. Ақ кимешекті ана осы жасына дейін екі рет қажылыққа барып, мұсылманның бес парызын орындап келген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әжей өмір бойы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен.

"1987 жылы зейнетке шыққаннан кейін Рамазан айына дайындалып, келесі жылы ораза ұстадым. Тағы бір-екі жылдан кейін намазға жығылдым. Ол кезде ондай ораза ұстамақ түгілі намаз оқитын адам болған жоқ. Әке-шешем діндар адамдар болды. Өмірден өткенше намаз оқып, құлшылық етті. Мұсылманшылық туралы көп айтып отыратын. Бала күннен көріп өскен соң құран оқудың жобасын білемін. Сол кісілердің рухы риза болсын деп, мақсатты түрде арнайы құран оқуды үйрендім", - дейді кимешек киген ана.

Қария әлі тың. Есік алдында өзі серуендейді. Төсегінің басында құран кітабы мен оның түсіндірмесі тұр. Бес уақыт намазды қаза қылмай, тасбих тартады. Бос уақытында сканворд шешуді әдетке айналдырған. Тағы бір ерекшелігі - естіген, оқыған, жақсы сөздерді қағазға түртіп отыруды әдетке айналдырған.

"Қазір намаз оқымауға қорқамын. Құран кітаптың араб тіліндегісін оқып, түсіндірмесінен аудармасын қарап аламын. Сыртқа шыққанда үнемі кимешек киемін. Тек үйде жай орамал тағамын. Үлкен кісінің үш қасиеті болады: мақтаншақ, ұмытшақ, өкпелегіш. Соның бәрі бар. Кейде балаларымның атын ұмытып қалып жатамын. Балаларым мен немерелерімнің бәрінің де аузы берік", - деді әжей.

Қария 69 жасында қажылық парызын өтеген. Оны да ерекше әсермен айтып берді.

"Қажылыққа ойда жоқта кіші балам жіберді. Әкемнен "Меккеге бармадым демесем, арманым жоқ" дегенді үнемі еститінбіз. Колхоздың қарапайым адамы болғанымен әңгімешіл, иманды кісі еді. Меккеге бару –мұсылманның парызы екенін жалпы білеміз. Бірақ армандаған жоқпын. Атырауда жұмыс істейтін балам хабарласып "Мама, Меккеге барасың ба?" дегенде айтарға сөз таппай "білмеймін" деппін. Енді Меккеге бару туралы ойлаған жоқпыз ғой. Балам "мама, ойлан" деп жатыр. "Мен Меккеге баратын кіммін, керемет адам емеспін, қарапайым әйелмін. Меккеге барғаным дұрыс па, ертең күнә болмай ма" деп әбігерге қалғаным бар. Осындай қорқыныштармен қасиетті жерді көрдім. Алған әсерімді айтуға тіл жетпейді. Көкірегім ашылып, өзімді ұшып жүргендей сезіндім", - дейді Бибіхадиша әжей.

Қария алты жылдан кейін қасиетті жерге қайта барғанын айтады.

"75 жасымда әкем үшін қажылық сапарды өтедім. Мен үйде он баланың кішісі болдым. Бауырларымның бәрі өмірден ерте кетті. 60 жастан асқаны жоқ. Алла өмір бергенде әкемнің "Меккеге барсам" деген арманын орындауым керек шығар деп ниет қылып, балаларыма айттым. Олар құптады. Бәдел қажылық жасадым. Біреу үшін барған қажылық осылай аталады. Анама, бірнеше адамға кіші қажылық жасап, соларға ниет еттім. Осындай тілектерімді орындаған Аллаға алғысым шексіз", - дейді кейуана.

Төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ана бүгінде олардан тараған немерені сүйіп, шөберенің қолынан су ішіп, шөпшектен май жеп отыр.

"Шүкір, балаларымның ортасында бақыттымын. Балаларға амандық тілеп, елге тыныштық, тек жақсылық болсын деп халықтың тілеуін тілеп отырған жайымыз бар. Келіндерім де жақсы. Бәрі де сәлем етеді. Басынан орамалын тастамайтын немере келінім бар. Жүрегің жылиды, үнемі батамды беріп отырамын. Жалаңбас жүргендерін көрсем "қарағым, орамалың қайда" деп ретіне қарай ақылымызды айтамыз. Тыңдайтын келін тыңдайды. Көп айта берсең, күл ауыз боласың. Келін боп түскеннен кейін әйел адам отбасында алдында орамалын тастамағаны жөн. Отбасындағы барлық берекет - иманда", - дейді ақ жаулықты ана.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017511-aiel-adam-basynan-oramalyn-tastamagany-zon-aqtobelik-azei-zas-kelinderge-aqylyn-aitty/

pixel