Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан мен өзге де елдер Қытайдың бір бөлігі ретінде көрсетілген карта қазақстандықтарды шошытты

Опубликовано:

Қытай туы
Қытай туы. Фото: Рixabay.com

Әлеуметтік желілерде Қазақстанның бір бөлігі және тағы бірнеше мемлекеттің Қытайдың бір бөлігі ретінде көрсетілген карта тарады. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды StopFake.kz.

Қазнетте тараған картада Қазақстаннан бөлек, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің бір бөлігі, сондай-ақ Моңғолия, Қырғызстан және Қиыр Шығыс Қытайдың бір бөлігі ретінде көрсетілген.

StopFake.kz-тің жазуынша, желінің ресейлік сегментінде бұл карта алғаш рет 2015 жылдың мамыр айында Fakomonic Twitter аккаунтында жарияланған. Ол кезде картаның қытайлық мектеп оқулығынан алынғаны айтылған еді.

Биыл наурыз айында карта желінің орыс тілді сегментінде қайта тарала бастаған. Бірақ бұл жолы картаның Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігінде 2023 жылғы 6 ақпанда "Ашық карталардағы мазмұнды көрсету нормалары" аясында әзірленгені айтылған.

Желіде тараған карта
Желіде тараған карта. Фото: Stopfake.kz

Алайда фактчекер ақпаратты тексеру үшін қытай тілінде осылай аталатын нормативтік актіні іздегенде ештеңе шықпаған.

"Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтында картографиялық технологияларды сараптау орталығының парақшасы бар. Онда Орталық Қытайдың 269 картасын шығарғаны жазылған. Оларды сол парақшадан жүктеп алуға болады. Бірақ ешқайсысы Қазнетте тараған картаға ұқсамайды", – деп жазады StopFake.kz.

Фактчекерлердің мәліметінше, дегенмен Қазнетте таралған картада қытай тілінде жазу бар. Ол жазу "Цин әулетінің басындағы Қытай карталары" (1644 жылдан бастап) деген мағынаны береді.

"Шын мәнінде, Қазнетте таралған карта Қытайдың сол замандағы картасына сәйкес келеді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, таралған карта тарихи жәдігер және онда Қытайдың Цин әулеті заманындағы шекаралар көрсетілген деген қорытынды жасауға болады", – дейді фактчекерлер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017584-qazaqstan-men-ozge-de-elder-qytaidyn-bir-boligi-retinde-korsetilgen-karta-qazaqstandyqtardy-sosytty/

pixel