"Үйірмені ата-аналар тегін жүргізеді": ақтөбелік оқушылар мектепте дайындаған өнімін сатып, табыс табуда (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбеде мектеп оқушылары қазірден табыс тауып, бизнеске бейімделіп жүр. Мектеп директорының бастамасымен ашылған үйірмелерде 4 сынып оқушысы еттің нан жайып, жартылай дайын өнім дайындаса, 5 сынып оқушысы тақия тігеді. Ал үйірмені көпбалалы аналар жүргізеді. KAZ.NUR.KZ тілшісі еңбектің дәмін ерте татып жүрген балалар жұмысымен танысып қайтты.
Ақтөбе қаласы №78 мектеп-гимназиясы ата-аналар мен оқушыларға арналған ерекше жоба жасап, көпшілікті таң қалдырып отыр. Ананың да, баланың да тілін тапқан мектеп басшысы "Іскер ана, икемді қыз" жобасына мектеп оқушыларын ғана емес, көпбалалы ата-аналарды да шақырған.
"Осы оқу жылынан бастап балалардың уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру мақсатында осы жобаны ойластырдық. "Кімнің қолынан не келеді?" деп мектептің желідегі парақшасы арқылы хабарландыру жасадым. Жобаны әзірге тек жеті анамен бастап отырмыз. Олардың дені - еш жерде жұмыс істемейтін көпбалалы аналар. Дайындаған заттарын үйлерінен сатады. Олар білгендерін оқушыларға ақысыз түрде үйретуге келісті", - дейді №78 мектеп гимназиясының директоры Жанар Сейтмағанбетова.
Осылайша мектепте тегін жеті үйірме ашылған. Олар: іс тігу, тамақ пісіру, бет әрлеу, шармен безендіру, кеме құрастыру және бисермен жұмыс. Оған 6-10 сынып оқушылары белсенді қатысады. 11 сынып оқушылары ҰБТ-ға дайындалатындықтан үйірмеден босатылған.
Мектепте ашылған үйірмелер оқушыларды еңбекке баулып, табыс табуына ықпал етуде. Әр үйірменің арнайы кабинеті, өз бұрышы бар. Тігін үйірмесін жүргізетіндердің бірі - көпбалалы келіншек Эльмира Маратжанова. Мұндағы 18 оқушының көпшілігі құрақ құрауды үйреніп алған.
"Осы мектепте өз балаларым оқиды. Үйірмеге 13 жастағы ұлым да қатысады. Киіз үйдің оюларын жапсыруды үйреніп алды. Ал 15 жастағы қызым киіз үйдің жабындысын толық тігіп шыға алады. Төрт балам бар, бәрі де кішкентайынан еңбекке үйренген. Бала көрсеткен нәрсені тез үйреніп алады. Қызығады, ынталары да жоғары. Сондықтан басқа балаларға да үйретуге қуана келістім. Аптасына бір рет мектепке келіп, қыздарға білгенімді үйретемін. Негізгі мақсат - балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, іскерлікке бейімдеу", - дейді көпбалалы ана Эльмира Маратжанова.
Оқушылар бет әрлеу үйірмесіне де қызыға келіп жүр. Ардақ Амантай есімді үш баланың анасы қыздарға әдемі болуды үйретеді. Бала күтімімен үйде отырса да, бет әрлеу бизнесінен табыс тауып отырған ана сенбі күні мектеп оқушыларына косметиканы сауатты қолдануды тегін көрсетіп жүр.
Оқушылар қуанышында шек жоқ екенін айтады.
"Моншақтан сөмке тігіп отырмын. Өзіме ұнайды. Наурызда 15 тақияға тапсырыс алып, 3 мың теңгеден саттым. Табысымды анама бердім. Ақшаны жинап, техника дүкеніне барамыз", - дейді өз жұмысымен таныстырған 5 сынып оқушысы Жазира.
Оқушылар қызыға қатысатын тағы бір үйірме - шармен безендіру. Мұнда Балқаш есімді келіншек 7 оқушыға шармен жұмыс істеуді үйретеді. Оқушылар қазір фотозонаға тапсырыс алып жүр.
"Қазіргі балалар телефонға үйір. Бұл үйірмелер баланың ойын ғаламтордан бір уақыт алыстатады. Баланың бар зейіні қолындағы бұйымда болады. Олар өз қолымен жасаған дүниелерді ерекше бағалайды. Ал оны сатып, пайда таба бастаған кезде қанаттанып, үлкен мотивация алады", - дейді бес балалы ана Қарлығаш Қарашолақова.
Ал мектепте ас дайындау үйірмесіне 23 оқушы келіп жүр. Кішкентай аспаздар үшін мектептің арнайы кабинеті жабдықталған. Оқушылар еттін нанын жаюдан бастап, лағман созуды үйреніп алған.
"Бұл бастаманы мен де қуана қабылдадым. Өзім жартылай дайын өнімдерді сатып отырғандықтан қыздарға бірден білгенімді үйретуді бастап кеттім. Әр қыз бала үй тірлігін білуі керек. Оқушылар қамырмен жұмыс істеуді, нанды бастыру, жазуды меңгеріп алды. Қазіргі таңда оқушылар өздері манты, пицца, бургер, самса дайындайды. Алғашында үйірмеге 6 сынып оқушыларынан бастап қатысады делінген еді. Сұраныс көп болды. 4 сынып оқушылары сұранды. Әрине қарсы болған жоқпыз. Бәрі бірдей үйренеді. Алдын ала керек заттарды жазып жібереміз. Балалдар өздері дайындаған тамақты жеп, қалғанын үйлеріне алып кетеді",- дейді көпбалалы ана Альбина Талғатқызы.
Мектептегі барлық үйірмеге оқушылар белсенді қатысуда. Мектеп басшылығы мұндай нәтижені өздері де күтпегенін жасырмайды.
"Біз бұлай болады деп ойлаған жоқпыз. "Басын бастап, аяқсыз қала ма" деген қорқыныш болды. Себебі біз ешкімге ақы төлеп отырған жоқпыз. Ата-аналар өздері кесте жасап, топ ашып, екі сағат үйірме өткізеді. Балаларда нәтиже бар. Бәрі де сатуды, табыс табуды ойлайды. Қазір мұғалімдерден тапсырыс қабылдап жүр. Осылайша, балаларды бизнеске бейімдейміз. Қоғамда өз орнын табу, табысты болу, маңдай терімен тапқан ақшасын үнемдеп жұмсауды үйренеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, біздің мектепте екі технолог мұғалім бар. Мектепке ата-аналар келгеннен кейін біздің тарапымыздан бақылау да болу керек. Сондықтан көркем еңбек пәнінің мұғалімдеріне үйірме ашу туралы ұсыныс жасадық. Біреуі кеме құрастыру, екіншісі, биссермен жұмысты үйретіп отыр. Ата-ананы да бақылайды, үйірмелерін де өткізеді", - дейді мектеп директоры.
Мектеп тарапынан оқушыларға тегін үйірме ұйымдастырып жүрген аналар да қамқорлыққа алынған. Өз бизнестерін дамытқысы келетін аналар үшін іскер әйелдер қауымдастығымен байланыс жасаған.
"Бұл кісілерді тегін курстарға оқытып, бизнесті бастау, дамыту шараларына қатыстырып, ата-аналардың да мәртебесін көтергім келеді", - дейді мектеп басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018140-uiirmeni-ata-analar-tegin-zurgizedi-aqtobelik-oqusylar-mektepte-daiyndagan-onimin-satyp-tabys-tabuda-foto/