Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақ үш жүзден құралғанын естігенде таңғалады": алматылық ару шетелдік туристер елімізді не үшін ұнататынын айтты

Жарияланған күні:

Жанар Сембинова
Шетелдік туристермен жүрген Жанар Сембинова. Фото: жеке мұрағатынан

Алматылық Жанар Сембинова бес жылдан бері ішкі туризм саласында еңбек етеді. Төрт тіл білетін бойжеткен шетелдік туристерге еліміздің көрікті жерлерін таныстырып қана қоймай, Қазақстанның терең тарихы мен мәдениетіне бойлатады. 30-ға жуық мемлекеттің саяхатшыларына еліміз туралы әдемі естелік сыйлаған ару шетелдіктердің Қазақстанды несімен ұнататынын, олардың қайта қыдырып келуіне не түрткі болатыны туралы айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Осы уақыт аралығында мен 30-ға жуық елдің өкілдеріне елімізді, жерімізді таныстырдым. Біз шетелдіктерге Алматы, Маңғыстау және Түркістан облысын көрсетіп жүрміз. Ал негізгі бағытымыз - Алматы және Алматы облысы", - дейді Жанар.

Айтуынша, Қазақстанға бір келіп кеткен туристер көбінесе достарымен, басқа да таныстарымен қайта келіп жатады.

"Қазақстан туралы ақпарат іздейтін интернеттегі саяхатшылар форумында менің қызметім туралы айтылатын көрінеді. Сөйтіп бір-бірімен бөліседі. Негізінен біздің елге визасыз режиммен келе алатын 82 елдің ішінен Еуропаның бірқатар елі, одан кейін Үндістан, Біріккен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, жақын шетел Ресейден көптеп келеді", - дейді ол.

Туризм саласы маманының сөзінше, өкінішке қарай, олардың ішінде Қазақстан туралы білетіндері аз.

Жанар Сембинова шетелдік қонақпен бірге
Шетелдік туристпен жүрген Жанар Сембинова. Фото: жеке мұрағатынан

"Бірақ, бір қызығы, олар Қазақстанды көшпенділер ұрпағы деп біледі, сондықтан олар, әсіресе еуропалықтар, бізге келгенде міндетті түрде киіз үйде тұрудың қандай болатынын көргісі келеді, көшпенді болудың не екенін сезінгісі келеді. Атпен серуендеу де оларға ұнайды. Сонымен бірге оларға біздің классикалық бағыттар - Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалына барған қызық. Өйткені бұл жерлер өте ерекше. Мысалы әлемдегі ең үлкен шатқалға бару өте қиын, әрі жету жолы ұзақ екені белгілі, ал Шарын шатқалы туристерге ыңғайлы. Айтпағым, ең бастысы шетелдіктер біздің тарихымызға, мәдениетімізге терең бойлағысы келеді.

Мен туристерге Қазақ хандығының құрылуы туралы айтқанды жақсы көремін. Шетелдіктер қазақ халқынының үш жүзден құралғанын естігенде таңқалады. Шежіре туралы айта бастасақ одан сайын қызыға түседі", - дейді Жанар.

Жанар өзімен бірге ел аралаған туристердің мұнда екінші, үшінші рет келсе де жалықпайтыны не себепті екенін айтып берді.

"Оларға біздің табиғат ұнайды, біздің қонақжайлығымыз ұнайды. Шетелдіктерден Алматыны "таза қала" деп айтқанын жиі естимін. Сосын Алматы мегаполис болса да, оның халқы табиғаттың аясында өмір сүріп жатыр деп есептейді. Өйткені қаламыз - жасыл, гүл өте көп. Тал көп. Мұнда шетелдіктер батыс пен шығыс мәдениетінің тоғысуын да байқайды", - дейді ол.

Туризм саласының маманының сөзінше, Қазақстанға келген қонақтар көбінесе әнші Димаш Құдайберген мен велоспортшы Александр Винокуров туралы көп сұрайды.

Ол өз тәжірибесіне сүйеніп, қазақтың ұлттық тағамдарының дәміне шетелдіктердің реакциясы қандай болғанын да айтты.

"Мен үшін қымызды алғаш рет дәмін татып көрген шетелдіктердің түрі қызық көрінді. Олардың бұл сусынға деген көзқарасы біркелкі емес. Көбіне ұнамай жатады. Біржұтым ішкен соң түрі бұзылады. Жылқы етін де жеп көрген қонақтарымыз бар. Бірақ көбінесе еуропалықтар жылқыны саналы жануар санағандықтан, еттің дәмін көруден бас тартады", - дейді ол.

Жанар шетелдіктерді қыдырту барысында талай қызық жағдайға тап болған. Соның бірі -35 градус аязда үндістандық отбасымен Үшқоңыр маңындағы тау бөктерінде әуе шарымен ұшқаны есінде жақсы сақталыпты.

Әуе шарымен ұшу
Шетелдіктерді әуе шарымен қыдыртып жүрген Жанар. Фото: жеке мұрағатынан

"Үндістаннан келген отбасыны қыстыгүні -35 градус аязда әуе шарымен қыдырту керек болды. Бұл 2018 жылы болғаны есімде. Алматыда мұндай суық қысты өмірімде көрмегем. Үндістаннан келген туристерге мұны түсіндіріп, бұл ойдан айнытуға тырыстым. Бірақ олар айтқанынан қайтпады. Біз Үшқоңыр маңындағы таудан әуе шарымен ұштық. Таудың қысқы көрінісі өте әдемі. Шар әуеге көтерілді, барлығымыз тоңа бастадық. Дәл солай өмірімде тоңбағанмын. Бір кезде қатты аяздан әуе шары басқаруға көнбей, бізді басқа жаққа алып кетті. Бір ауылдың үстінен, үйлердің шатырының дәл төбесінен ұштық. Ауылдың тұрғындары үйлерінен атып-атып шығып, бізді тамашалап тұрды (күледі - ред.) Бұл өте көңілді, бір жағынан қорқынышты серуен болды. Бізде сақтандыру күртешелері болды, бірақ ол туралы ойламадық. Өйткені бізбен инструктор болды. Кейін инструктор шарды өзіне бағындырып, келген жағымызға қайта ұштық. Үндістандық отбасына бұл саяхат ұнағаны соншалық маған ренжудің орнына алғысын айтты", - дейді Жанар.

Сөз соңында Жанар Сембинова ішкі туризмдегі өзінің көңілі толатын және әттеген-ай деген тұстарына тоқталғанды жөн көрді.

"Мемлекет ішкі туризмге жақсы көңіл бөле бастады. Туризмге біз енді ғана тәй-тәй басып жатқан елміз. Бірақ үкімет әлі де еліміздің құндылығын танытса, көрсетсе дейміз. Мен әр қазақстандықтың өз елін, жерін қадірлеп, жоғары бағалағанын қалаймын. Өйткені мен өзімді елімнің жанашырымын деп санаймын. Қанша тіл білемін, мен шетелге кетіп, мансап қусам да болар еді, бірақ өз елімнен жырақ кеткім келмейді. Мүмкіндігім бола тұра шетел азаматына тұрмысқа шығу да ойымда жоқ. Маған осы бес жылда талай шетелдіктен ұсыныс түскен шығар, білмеймін, қызықпаймын, мені тартпайды. Олай істей алмаймын. Мен ұлтжанды қызбын", - дейді Жанар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018427-qazaq-us-zuzden-quralganyn-estigende-tangalady-tort-til-biletin-aru-seteldik-turister-qazaqstandy-ne-usin-unatatynyn-aitty/