Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралда қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің анасына қатысты жаңа мәлімет анықталды

Опубликовано:

Ересек адамның қолындағы сәби
Ересек адамның қолындағы сәби. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бірнеше күн бұрын Оралда қоқыс жәшігінің ішінен полиэтилен пакетке оралған тірі сәби табылған болатын. Баланың анасы мектеп жасына дейінгі үш баланы тәрбиелеп отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Мой город" сайтына сілтеме жасап.

24 сәуірде Оралда жергілікті тұрғын қоқыс жәшігінен полиэтилен пакетке оралған тірі сәбиді тауып алған болатын. Сәби ауруханаға жатқызылды.

Оқиға Қылмыстық кодекстің 119-бабы "Қауіпті жағдайда қалдыру" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің тізіліміне тіркелді.

Кейін жаңа туған нәрестенің жағдайы интоксикация, гипотермия және гипогликемия белгілеріне байланысты орташа ауыр деп бағаланғаны анықталды. Дәрігерлер оны табылғанға дейін 7-8 сағат бұрын дүниеге келген деп болжаған.

Полицейлер баланың анасын анықтаған. "ANA UYI" ресурстық орталығының аймақтық маманы Зәмзәгүл Шқанованың айтуынша, баланың анасы 25 жас шамасындағы ажырасқан, мектеп жасына дейінгі үш баланы тәрбиелеп отырған және анасы мен өгей әкесімен бірге тұратын келіншек екен.

"Ол үшінші баласына жүкті болған кезде бізден көмек сұраған. Сосын біз оған киім-кешек, тамақ апарған еріктілерді тарттық. Бірақ оның төртінші баласына жүкті екенін білмедік. Білгенде міндетті түрде көмектесер едік. Ол да бізге өзі айтпады, көмек сұрамады.

Бірақ оны қатты айыптамаңыз, оны да түсінуге тырысу керек. Оның денсаулығында проблемалар бар және жүктілік кезінде әйел депрессияға түсіп, қатты күйзеліске ұшыраған болуы мүмкін. Күйеуімен ажырасқан, күйеуі діншіл. Әйелдің айтуынша, ер адам тұрақты түрде алимент төлемеген, бірақ ол АӘК алған. Соңғы рет Жаңа жыл қарсаңында барғанымызда балаларға сыйлықтар әкелген едік, алайда ол бізге жағдайын айтпады", - дейді Зәмзәгүл Шқанова.

Маманның айтуынша, орталықтың қызметкерлері бұл отбасының тыныс-тіршілігін бақылап, олармен жұмыс істеуге ниетті.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа туған нәрестенің әжесі ауруханаға баланы көруге келген. Оған әуелі баланың туу туралы куәлігін рәсімдеу керектігі, содан кейін ғана қамқорлыққа алу керек екені түсіндірілген.

Ал Орал қаласының қамқорлық беру бөлімінде қамқорлық құқығын рәсімдегісі келетіндер немесе баланы асырап алғысы келетіндер қамқорлық беру органдарына барып, кеңес ала алатынын хабарлады. Сондай-ақ олар бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқанын еске салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018610-oralda-qoqys-zasiginen-tabylgan-narestenin-anasyna-qatysty-zana-malimet-anyqtaldy/

pixel