Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Жарияланған күні:

Серік Күдебаев сот отырысында
Серік Күдебаев. Фото: NUR.KZ

Бүгін Талдықорғанда Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық істі қарау аяқталып, сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Генерал-майорға Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылған болатын.

Сот үкімімен ол екі бап бойынша да кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған құқық қорғау және мемлекеттік органдарда қандай да бір лауазым иеленуге 10 жылға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, сот оны полиция генерал-майоры арнайы атағынан айырып, сонымен қатар президент атына Серік Күдебаевты мемлекеттік наградаларынан ("Даңқ" және II дәрежелі "Айбын") айыру туралы ұсыныс енгізді.

Серік Күдебаев жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады.

Айта кетейік, Серік Күдебаев 2022 жылдың сәуір айының соңында қызметінен босатылып, сол жылдың мамыр айының ортасында қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген еді.

Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды.

Наурыз айында Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы оның ауруханаға жатқызылуына байланысты кейінге шегерілді.

Кейін генерал-майор сот отырысына тағы да келмей қалған соң прокурор оған қатысты қылмыстық істі тоқтата тұрып, Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялауды сұрады. Судья қолда бар ақпаратқа сүйеніп, Серік Күдебаев 23 наурызда Қырғызстанның мемлекеттік шекарасынан өтіп, сол күні "Манас" әуежайынан Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткенін мәлім етті.

Кейінірек Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Серік Күдебаевтың Қырғызстан шекарасын кесіп өтіп, Түркияға ұшып кеткенін растап, Түркия тарапымен тиісті жұмыстар басталғанын мәлім етті.

27 сәуірде Түркияға қашып кеткен генерал-майордың ұсталып, Қазақстанға жеткізілгені белгілі болды.

Бүгінгі сот отырысында Серік Күдебаев соңғы сөзін айтып, өзінің кінәсіз екенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018712-serik-kudebaev-10-zylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/