Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Серік Күдебаевтың елден қашуы бойынша іс бөлек қаралады

Жарияланған күні:

Серік Күдебаевтың ұсталған сәті
Серік Күдебаевтың ұсталған сәті. Фото: t.me/kozachkow

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты бүгінгі сот үкімі қаңтар оқиғасына қатысты іс аясында ғана шығарылды. Күдебаевтың шетелге бой тасалуы бойынша іс бөлек қаралады. Бұл туралы Жетісу облысы прокуратурасының қызметкері мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына шығарылған үкімге байланысты пікір білдірген Жетісу облыстық прокуратурасы бастығының орынбасары Саян Дүйсебаев Күдебаевтың елден қашу ісі жеке қаралатынын атап өтті.

"Бұл істің қаралған қылмыстық іске еш қатысы жоқ. Ол бөлек тергелетін болады", - дейді қадағалау органының қызметкері.

Еске салайық, бүгін Талдықорғанда Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қатысты сот үкімі шықты.

Оған Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылған болатын.

Сот үкімімен Күдебаев екі бап бойынша да кінәлі деп танылып 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған құқық қорғау және мемлекеттік органдарда қандай да бір лауазым иеленуге 10 жылға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, сот оны полиция генерал-майоры арнайы атағынан айырып, сонымен қатар президент атына Серік Күдебаевты мемлекеттік наградаларынан ("Даңқ" және II дәрежелі "Айбын") айыру туралы ұсыныс енгізді.

Серік Күдебаев жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады.

Айта кетейік, бұған дейін Күдебаевтың ұлы Қазақстаннан қашып кеткен әкесінің отанына өз еркімен оралғанын айтқан еді.

Алайда бұл ақпаратты Бас прокуратура жоққа шығарды. Ведомство Серік Күдебаевты ұстап, елге қайтару мақсатында шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

27 сәуірде Түркияға қашып кеткен Күдебаевтың ұсталып, Қазақстанға жеткізілгені белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018730-serik-kudebaevtyn-elden-qasuy-boiynsa-is-bolek-qaralady/